21.04.2022
  295


Автор: Рафаэль Ниязбек

НҰРЛЫ ӨЗЕН

Жазушы Дулат ИСАБЕКОВКЕ
Дүниенің көзінде нұры жанып,
Тұлпар озған заманда тұғыр қалып.
Сардаланың өзені сенсің, аға,
Мұхиттарға жол тартқан тұнып ағып.
Баптап, күтіп талын да, терегін де,
Арқа тұтқан жан қанша сені еліңде.
Жойқын қуат жататын тебіреніп,
Сендей нұрлы өзеннің тереңінде.
Дулат аға!
Жаныңды шын ұғынған,
Жанның бәрі таймаған тұғырынан.
 Қай адам да тазарған су ішкенде,
Сендей нұрлы өзеннің тұнығынан.
Дағдарыста тарығып мұңға батқан,
Ауыл қанша жүгі ауып қырда жатқан.
Елдің мұңын жоқтаған кейде сені,
Шерлі өзенге ұқсатам тулап аққан.
Мына сұрқай қоғамда Ар сатылған,
Жүйе-жіптің бәрі де тарқатылған.
Көкірегің кеткенде шерге толып,
Толқындарың бұрқанып жарға атылған.
Қарау күштің көзінен жас парлатып,
Тірі жүрсең – жоқ одан асқан бақыт.
Сендей нұрлы өзендер тулағанда,
Толқындарын жататын аспанға атып.
Атқа мініп, қолыңа ту алғалы,
Тіршіліктің жоқ әлі қуарғаны.
Туған елдің орманы тұр жайқалып,
Сендей нұрлы өзендер суарғалы.





Пікір жазу