21.04.2022
  312


Автор: Рафаэль Ниязбек

АЛТАЙ ТАУЫНЫҢ АҚ САМАЛЫ

Дүниенің көзіне жиі үңілген,
Алтай, мені кем көрме жүйрігіңнен.
Құстай ұшқым келеді саған қарай
Көрінгенде бір сәуле биігіңнен.
Бақыт тауып төріңнен, өріңнен де,
Кімдер сауық құрмады көңілді елде.
Арқаланып кетемін ата ерлігің –
Көк бөрінің көзінен көрінгенде.
Айналаңның барлығы тұнған арай,
Өткен бар ма тұсыңнан бір қарамай.
Қарағайлар – сарбаздар шығар, бәлкім,
Ту көтеріп өрлеген шыңға қарай.
Ойға тұнып жанары, қарашығы,
Сенде туған қазақтың бар асылы.
Оралхан боп көзіме елестейді,
Өр Алтайдың, әне, бір дара шыңы.
 Аспанында ақ сұңқар-жыр самғаған,
Тау-тасыңды жұрт кезіп, мың шарлаған.
Алтай, сенің айдының тұрғанда асып,
Көктемдердің көздерін мұң шалмаған.
Түрегеліп төсінен сары белдің,
Айбарына айналып, арына ердің,
Жауды өткізбей жолына жатып алған
Батыр таусың жаралған бағына елдің.
Қилы өткелдің бәрінен жүрген өтіп,
Қазақты Алла жаратқан іргелі етіп.
Көш түзеген Тәуелсіз ел атандық,
Шұғылалы Азаттық күнге жетіп.
Алтай, сенің ақ желең, ақ самалың –
Бейбіт күннің бесігін тұр тербетіп.





Пікір жазу