21.04.2022
  198


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТҮТІНДЕРІН КӨРГЕНДЕ БУДАҚТАҒАН


Еспеді ме жүзінен көктем лебі,
Ауылыма бармаппын көптен бері.
Уақыттың тоздырып жіберді ме,
Құбыладан соғатын өктем желі.
Жақсылығын бұлдаған сұр ғаламда,
Арлы ауылым күн кешкен шырғалаңда.
Есек неге қаптап жүр,
Бұрындары
Арғымақтар көп туған бұл даламда.
Кімге дәрі бұл өмір тұнжыраған,
Қайғысына қайыспай кім шыдаған.
Қай ауылға барсаң да,
Бұл күндері
Жоқшылықтың қаншығы қыңсылаған.
Көңілінен арайлы таң тараған,
Ауылды кім тоздырып, жаңқалаған.
 Көшесінде құм борап суырғалы,
Ала қабын қайғының арқалаған.
Қу сүйегін сүйретіп, қыбырлаған
Қарттар қанша кеудесі сырылдаған.
Жылан жайлап кеткендей елдің іші
Қуанышын, қызығын кім ұрлаған.
Түлкі құйрық заманда бұлғақтаған,
Ауыл еді өн бойын күн қақтаған.
Тірі екен деп қуандым,
Мұржасынан
Түтіндерін көргенде будақтаған.





Пікір жазу