БАРЫС ЖЫЛЫ
Күннің нұрын төксең де сай-салаңа,
Ерлік рухын сіңірдің қай балаңа?
Көретінім ылғи да ез бен есер
Қарасам да қай жаққа, айналама.
Барыс жылы барысқа айналмаған
Қоян жылы барысқа айнала ма?
Түк бітірмей жұрт түгел шай ішетін,
Жарық жалған –
көк зәулім шайхана ма?
Жау санаған жақынын жақын көрмей,
Сан адасқан жүзі ашық жарқынға ермей.
Қазақ, саған не айтам?
Ішіп-жеуден
Келе жатқан бәйгенің алдын бермей.
Өкіметке шуақтап жылынды кім?
Басшы қоймай тыяды кім ұрлығын?
Қазақстан – алып бір жыртық үйдей,
Алба-жұлба күн жеген туырлығын.
Жетегімен жүгірген сайтан желдің,
Күні құрсын сертінен тайған ердің.
Ел ақтаған ақыны дуана боп,
Жан-жағына алақан жайған елдің.
Үйде жатып ашығып көз жұмғанша,
Осындайда келеді майданда өлгің.
Үйде отырса қазақтың еркектері –
Қақ бөлінген қылыштай бел кеткені.
Қой бастайтын серке де табылмады,
Көздің жасын қалың ел селдеткелі.
Бұйым емес шарт сынып бел кеткені,
Өсіп сәби жетілсе жөргектегі.
Дәтке қуат көңілге жалғыз нәрсе –
Халқым аман,
ел аман жер-көктегі.
Халқым аман,
ол менің сөнбегенім,
Көргенімнен көп еді көрмегенім.
Барыс жылы барыс боп жортпасам да,
Ұлы бақыт емес пе өлмегенім.
Құл емеспін құлдырап жалға жүрер,
Азаматпын ақырын Алла білер.
Амандығы жолында нар халқымның
Қажет көрсең,
құрбанға шал да жібер.
У сепсе де жүрегін қайғы алмаған
Елім жоқта бақ, қыдыр қайда маған.
Бес күн ғұмыр кешсе де халқын қорғап,
Бес қаруын мен бе екем сайламаған.
Жұмыр жердің тағдырын ойлай ма, айтшы,
Жұмыр басын қатерге байламаған?!
Көк Байрағым желбіреп тұрса алаңда,
Халқым неге күн кешсін шырғалаңда.
Қоян жылы нояндар туып жатса,
Болмас еді арманым бұл жалғанда.