21.04.2022
  204


Автор: Рафаэль Ниязбек

АТА АРМАНЫ

Малика немереме
Қаратаудың бойға жиып қуатын,
Арлы анадан ару қыздар туатын.
Сол арулар дүние егер кірлесе,
Жүрегінің сәулесімен жуатын.
Ар-ұяттың тұрғанда артып бағасы,
Өзендердің тарыла ма сағасы.
Сол арулар көктеп қайта тігетін
Туған елдің сөгілсе алтын жағасы.
 Ақиқаттың тұрса ашылып есігі,
Адамзаттың жаңғырады есімі.
Көші түзі болған емес ешқашан,
Туған елдің түзу болмай бесігі.
Самал есіп құба белден, өрден де,
Ұл туатын бір қарт қамшы өргенде.
Жұлдыз болып туған ақын болатын,
Көк аспанда бір ақ жұлдыз сөнгенде.
Тұман ағам Қыз Жібекке балаған
Бойжеткенде анаңды алғаш көргенде.
Бір әулеттің сағынышын арқалап,
Сен туғанда қуанды аймақ, шартарап.
Жанарымда көктем күлді, жарығым,
Тал бойыма буырқанған қан тарап.
Тіршілікте жоғалтпаған мұратын,
Адасқанды Хақ жолына бұратын,
Қыз боп өссең арман бар ма жалғанда,
Туған елге сәулең түсіп тұратын.
Даналығы дарып туған даланың,
Болашағы жарқын сендей баланың.
Құзар шыңға көтерілмей тынбаған
Құрсағында жетілгендер ананың!





Пікір жазу