21.04.2022
  137


Автор: Тәкен Әлімқұлов

Сүйгенге базына мен бағыныш тең

Сүйгенге базына мен бағыныш тең,
Оралдым астанама сағынышпен.
Жастықтың осында өткен күнін жоқтап,
Сағыныш қайнарынан қанып ішкем.
Дос, дұспан қылса қонақ қалада бұл,
Оларға күлме, күлсең – шалаға күл.
Мейлің сүй, мейлің жек көр, еркіңе бақ,
Күйдірме жолаушыны жалаға құр.
Оранған бейне салдай жасылдарға,
Алматым не көрмеген ғасырларда?
Еркем дер, тентегім дер ойлы шаһар,
Қоспас тек мені ойсыз масылдарға.
Өмірдің додасына түскен жанға,
Бұйырған бақта үзілмей піскен алма.
Шаттықтың, сағыныштың шежіресі –
Сайрайды рентгендей іште таңба.
Сүйгенге базына мен бағыныш тең,
Оралдым Алматыма сағынышпен.
Біздің іш не көрмеген махаббаттан,
Сиқырдай су орнына сағым ішкен?!





Пікір жазу