21.04.2022
  206


Автор: Рафаэль Ниязбек

НЕГЕ АЙТПАЙМЫН ШЫНДЫҚТЫ


Сыздатқанда уыты бүйрекке өтіп,
Қодар қылық қоғамды түйреп кетіп.
Жазады ылғи мен жазған жырды бәрі,
Шаң суырған тұлпардай түйдектетіп.
Шабытынан қыр қызып, дала қызып,
Жыр жазса да қанша ақын алағызып.
Мен болмасам шындықты кім айтады,
Тас қоғамның көзінен қан ағызып.
 Түндер қанша ой кешіп сарылатын,
Күндерім де жоқ емес тарынатын.
Шыққан сайын жинағым қорқам, бірақ,
Бомбы бардай ішінде жарылатын.
Бір қара бұлт төбемнен күнде айналар,
Әлі талай көзіме мұң байланар.
Жұмыр басым жұлынсын неге, бірақ,
Өзі берген өз жанын Құдай алар.
Безсе – безсін туысым, жақыным да,
Бір басыма жетеді ақылым да.
Неге айтпаймын шындықты,
Шырылдаған
Шындық болсам тағдырдың тақымында.





Пікір жазу