21.04.2022
  129


Автор: Рафаэль Ниязбек

АУЫЛДАР КӨШІП ЖОҒАЛҒАН

Қасиеті ата қазақтың –
Ауыл еді білгенге.
Ар-иманы ата қазақтың –
Ауыл еді білгенге.
 Тайғаны қалай бағының,
Азаматтар тірі жүргенде?!
Саясат билеп сананы,
Кең дала тұттай тоналған.
Қоғамда мынау жаралы,
Ауылдар көшіп жоғалған.
Бақ, Қыдыр қайта қонар ма,
Шуақтан шұға оранған.
Балығы...
нәрі тоналған
Көлге де аққу оралған.
Сау жеткен заман... бораннан,
Желбіреп туы жығылмай –
Ауылдар тозып жоғалған
Шашырап ұшқан тығындай.
Тұрғызып қолдан дауылды,
Күн кешіп жүрміз азапты.
Сақтамай арлы ауылды,
Қорғамай зарлы қазақты.
Алысқа қалай жол шегер,
Адасып жолдан жаңылған.
Қазақстан – Емен болса егер,
Жапырақ – алқа тағынған.
Ауылдар – күре тамыры,
Бұтарланып быт-шыт шабылған.
Көз жасы арық, жыраға
Тасқындап ағып құйылған –
Құламай Емен тұра ма,
Тамыры үзіліп қиылған?!
Көтерген жүктің ауырын,
Ұмытпа қазақ қауымын.
 Жайлаған дала сауырын,
Ауылың – сенің сауының.
Қолыңнан келсе қорғағын,
Ақ шаңқан ауыл – бауырың.
Болашақта сорлап жүрмейік,
Таба алмай қазақ ауылын.





Пікір жазу