21.04.2022
  109


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚАРА МЫЛТЫҚ

Тозығы жетіп тері етігімнің,
Бәрі түгел жойылған кереметімнің.
Мені неге тағдыры алаңдатпасын
Сүйегіне сүйенген мемлекетімнің.
Көк тиынға айналып құны жұртымның,
Ел басқарған заман бұл құлы құлқынның.
Қазақ неге бөлінеді,
Тағдыр-талайы
Қыл үстінде тұрғанда ұлы ұлтымның.
Өмір өзен білінбей ағып,
Кімді жарға соқпаған іркілмей барып.
Уақыттың жүйрік көк пойызына,
Сорладық па, кім білсін, ілінбей қалып.
Қоқыс толы қоғамнан келем түңіліп,
Күннен-күнге барады неге бүлініп?
Басшы бар ма, алайда, көшін түзеген
Болашақтың көзіне терең үңіліп.
Жат жұрттарға алыстан алқынып жеткен,
Қазыналы жер қанша сатылып кеткен.
Қазақ қанша опасыз жарық жалғаннан
Адалдық іздеп сабылып өткен.
Тіршіліктің көзіне тұнғалы арай,
Туған еді бұл қазақ тұлғаны талай.
Билік құрған бүгінгі азаматтардың
Жаңаөзенде өз халқын қырғаны қалай?!
 Айбар, сұсы қайда бұл арыстанымның,
Бүлінгені бұл қалай ағыстарымның.
Күңіренбей қайтеді суық көрінде,
Адыра қалса
аманаты арыстарымның.
Дүниенің көзіне суық қараған,
Қасқыр-тағдыр кімді де қуып талаған.
Бұл ғасырды тауыққа ұқсатам кейде,
Күн құрғатпай бомбысын жұмыртқалаған.
Қорған болар деп орман, далама,
Намысы өлген қазақты зорға балама.
Екіталай күн туса жырынды жаудан
Қайқы қылыш суырып қорғана ала ма?!
Жанарында қызыл шоқ шатырлай жанып,
Күндер қайда топ жарған тартынбай барып.
Жау төнгенде оқтаулы қара мылтығым
Сорлатпаса болғаны атылмай қалып.





Пікір жазу