НЕГЕ?
Нарық қысып, тарықса ел ашығып,
Атқа неге қонбасын ер ашынып.
Билік пенен халықтың екі арасы –
Күннен-күнге барады неге ашылып?!
Тауын талай төңкерген құба белдің,
Айбар, сұсы қайда бұл тұлғалы ердің?
Бұл өкімет тас керең болмаса егер,
Сөзі неге өтпейді туған елдің?!
Бір кезде елім кемеңгер, кемел еді,
Енді неге сең соқпай сенделеді?
Арлы ауылдан әскерге барған сарбаз
Бір ай өтпей атылып неге өледі?!
Алақұйын суырмай шаң басылып,
Жұрттың бәрі жүргенде алға асығып,
Қоғам дерті сырқат боп жабыспаса,
Неге өледі жап-жас қыз талға асылып?!
Көз жасымды мен неге бұламайын,
Жатса үйінде ұйықтап бұл ағайын.
Жаңаөзенде мылтықтан оқ атылып,
Халық неге қырылды қынадайын?!
Болашақтың тауына төте өрлеген,
Ата қазақ жұрт па еді от өрмеген.
Қыздар неге жат жұртқа кетіп жатыр,
Жел суырып етегін көтермеген?!
Төніп келе жатыр ма заманақыр,
Сұмдықты әлі көресің – қара да тұр.
Қоқыстарға сәбиін тастай қашқан
Қыздар неге көбейіп бара жатыр?!
Өзге жұрттан тұрғанда бағасы артып,
Елді қай жын үлгерген аласартып.
Ана неге көбейді бұл күндері,
Жат жұрттарға күн көрген бала сатып?!
Тарыққанды қай құдай қаржылайды,
Сарсылғанда жүрегім қалжырайды.
Адал еңбек еткендер біздің елде,
Неге ақысын ала алмай зар жылайды?!
Шындықтың тұрса естіліп өрелі үні,
Кімге дәрі жат жұрттың төрелігі.
Ар-ақиқат тапталып,
Біздің елде
Өтіріктің гүлдейді неге өрігі?!
Болашағын ойлаған жас баланың,
Құдіреті қайда бұл Астананың?
Сырттан келген үй алып,
Қалың қазақ
Зарын тартып жүр неге баспананың?!
Тіршіліктен тұратын қуат алып,
Заман неден булықты тұманданып.
Ұлылардың барлығы ұмыт қалып,
Ұры біткен жүр неге ұлы атанып?!
Арыс қанша жығылған жер жастанып,
Бұғынады неліктен ер жасқанып.
Асыл ерлер жабылып абақтыға,
Ұры ұлықтар жүр неге ел басқарып?!
Тарғыл түсті тас жолда тұра қалып,
Ара жігін ашты ма сына қағып.
Билік неге өшігіп көп түседі,
Арыстардың соңына шырақ алып?!
Ойда жоқта шатылып басың торға,
Ей, ағайын, алайда жазым болма.
Жұрт адасып Алланың ақ жолынан
Неге түсе береді азғын жолға?!
Кең даланы қапсырып, құшаққа алып,
Сыр айтатын күн қайда құзға ақтарып.
Алыптардың ұрпағы емес пе еді,
Алаш неге барады ұсақталып?!
Жұрттың бәрі күн кешкен дала, белде,
Өлсе –
түгел теңескен қара жерде.
Дүниенің қызығы таусылған ба,
Қылмыс неге көбейіп барады елде?!
Ендеше асқақ көрінбей ел ағасы,
Артады деп ойлама ер бағасы.
Арқанкерген жерінде қырғын болып,
Елдің неге қан жұтты шекарасы?!
Бұлттар қоршап, күн көзін қамағалы,
Сәуле түспей тұр, бәлкім, санаға әлі.
Алайда ер көрдің бе атқа мінген
Туған елдің жыртығын жамағалы.
Бау-бақтан да естілмей бұлбұл әні,
Неге солғын тартып тұр гүлдің бәрі.
Өйткені елдің жаншылған рухы езіліп,
Ей, ағайын!
Ал, бұған кім кінәлі?!
Мына арсыз тірлікте ақша қуған
Жауап таппай сарсылып жүрмін әлі.
* * *
Биік-биік шырқалған қырында әні,
Сардары көп ел едік бұрындары.
Ерін түгел түгесіп жұтқан жоқ па,
Уақыттың усойқы жылымдары.
Теңдікке еркін жетсек те ел тілеген,
Жетім-жесір көп әлі тентіреген.
Қарағайы, емені көп оталып,
Қара орманға ұқсаймыз селдіреген.
Қорытылып бекіген құрыштайын,
Сардар жоқта мен қалай тыныстайын.
Қыр мұрынды болғанмен бүгінгі ерлер,
Өткір емес, алайда, қылыштайын.
Жұпар атпай солғасын қыр гүлдері,
Азып-тозып бара ма жырдың елі.
Мені керек кезінде пайдаланып,
Сатып кеткен дос қанша бұл күндері.
Мүмкін мылтық бар шығар атылмаған,
Досты бірақ көрмедім сатылмаған.
Зауал туған секілді көрінеді,
Сатқын сардар атанып жарқылдаған.
Жүрегімді бұл қайғы кескіледі,
Содан, бәлкім, көңілім кеш түледі.
Сатқын егер жоқ болса,
Ел аузынан
«Сатқын» деген сөз неге естіледі?
Көкірегімде тұрғанда шер байланып,
Төрде отырар күн қайда кең жайланып.
Мына қарау қоғамда сатқыны көп,
Жарар еді кетпесек елге айналып.
* * *
Билік пен Елдің жүдә ашылып арасы,
Қусырылып тарылған
ұлы өзендердің сағасы.
Тігілген жерден сөгіліп жатқаны қалай, ағайын,
Тәуелсіздіктің алтын жағасы.
Астана жақтан сәулесі түспей жарықтың,
Күйзелген шағы жүрегі суып халықтың.
Көкірегін үрей билеп бәрінің
Сезінеді жүргендей
Үстінде қара табыттың.
Сайында сайран, қырында сауық құратын,
Көк бөрі елдің кім жойған асыл мұратын.
Өр рухы қайда жоғалған
Қанында ойнап тұратын.
Теңдікке қолы жеткенде,
Жолбарыс жүрек текті елде:
Шаңырақ қанша шағылған,
Ерлер қанша шындық іздеп сабылған.
Оу, ағайын, ендеше,
Қаскөй сұмдар жоқ деме,
Тәуелсіздіктің құндыз тонын жамылған.
Жатқа ағылып байлығы,
Қолына тимей айлығы,
Айналайын ата қазақтың
Күн кешкені қалай қайғылы?!
Ауылдар қанша қираған,
құт-береке кетіп төрінен,
Аққу құс қанша безінген тұнық көлінен.
Қаны бұзық сотқар қанша бұл күнде,
Өлгендерді де сабайтын
жұлып алып көрінен.
Тыныштығын ойлап еліңнің,
Байлығын ойлап жеріңнің, –
Тәуелсіздікті құрбанға шалма, ағайын,
Ақ семсерін қынапта ұстап сенімнің.