ХАН КЕНЕНІҢ ӨР БАСЫ ШАБЫЛҒАНДА
Жұрттың бәрі күн көрген арды сатып,
Жер бетінен жоғалған қарғыс атып.
Ойсыз тірлік кешкені қазағымның
Тұрған жоқ па улы оқтай жан сыздатып.
Тұнық ойдың сүңгімей тереңіне,
Сәулең сенің түсе ме сері еліңе.
Өз еліңде өгейдің күйін кешсең,
Онда бұндай жүйенің керегі не?
Қазақ ойлы ел болса көз ашқалы,
Неге ерте жыртылып, тозды астары?
Неге өзгенің тауына табынады,
Одан биік тұрғанда өз асқары?!
Үлгерді ме, кім білсін, майдаланып,
Күн кешеді, білмеймін, қайда барып.
Құндыз бөрік ішінде бөрі барда,
Жем болмаса игі еді сайда қалып.
Алпамыстар кеткесін
Билік құрған
Кейқуаттар ел ішін жайлап алып.
Күннің нұры солғындап,
Тереземнен
Тесірейіп қарайды қайғы аларып.
Тегіс жердің өзінде мың жығылып,
– Алға! – дейміз өрекпіп, құр құлшынып.
Ұлттық рухым биліктің құшағында,
Екі өкпесі қабынып, тұр тұншығып.
Зауал туса, ішінен ер тынатын,
Құбыладан ызғарлы жел тұратын.
Кімнен қайыр күтесің
Сенгендерің
Сатып жатқан заманда ел мұратын.
Күннен-күнге бұл өмір күрделеніп,
Ізгіліктің барлығы тұр бөгеліп.
Көз үйреніп,
үлгерген етің де өліп,
Жамандықты жүрген соң күнде көріп.
Сайран салып,
жүргенде тойға алданып,
Қандай жұрт та құрыған ойрандалып.
Бұл қазақта бас болса,
Атқа қонбай
Үйлерінде неге отыр ойдан қалып?!
Елдің қашан көзінде күн күледі,
Қарт Қаратау ызалы күркіреді.
Хан Кененің өр басы шабылғанда,
Басы қоса ұшты ма, кім біледі?!