ТАРТЫСЫП ҚАЗАҚ ЖҮРГЕНДЕ
Аты өрге шауып жаманның,
Жыртылғаны қалай жағамның.
Жүрегім тоңды қалтырап,
Ызғары қарып заманның.
Кінәрат бар ма тегімде,
Өгеймін неге жерімде.
Арыма ара тұратын
Азамат жоқ па елімде.
Атадан арлы жол қалған,
Соны ойлап, кім бар толғанған.
Ер қайда елдің қамын жеп,
Егеулі найза қолға алған.
Құнары кетіп даланың,
Қайғысы артқан ананың.
Ер бар ма атқа қонатын,
Қамын жеп бала-шағаның.
Сусын ғып ішіп көз жасын,
Ел неге азып, тозбасын, –
Билікте жүрген дүмділер
Қамықса ойлап өз басын.
Тағдырын ойлап халықтың,
Уа, пірім, қашан қамықтың?!
Астына түспей тұра ма,
Үстінде жүрген табыттың.
Далада ұмыт қалғалы,
Ауылдың бәрі зарлы әлі.
Халықтан билік алыстап,
Іргесін аулақ салғалы, –
Тамырым талай қуарған
Өзендер ақпай арналы.
Сатқын жүр,
Байқа,
Елімнің
Кеудесіне бомбы жарғалы.
Адыра қалып арманы,
Өртенген жұрт көп орманы.
Тартысып қазақ жүргенде,
Құлаған талай қорғаны.
Көгінен күні күлгенде,
Татулық жоқ неге нұрлы елде?
Бас салған жаулар қаншама,
Тартысып қазақ жүргенде.
Бірігуді неге білмейді,
Дүниенің бәрін білгенде.
Қабырғасынан сөгіліп,
Қала ма шаңға көміліп.
Тартысып әлі келеді,
Үш жүзге қазақ бөлініп.
Қуаты қашып сөзімнің,
Оты өшкен нұрлы көзімнің.
Алайда шыдап отырмын,
Сауытын киіп төзімнің.
Арыстан кеуде күнімде,
Тұншықты неге үнім де.
Мұз қатқан елдің жүрегін
Жылытар кім бар бүгінде.
Тәуелсіздіктен айырылып,
Қалмасақ жарар түбінде.