АРЫСТАН ЕЛГЕ АЙНАЛМАЙ
1
Қара топан селдейін
Қаптап бір кетсе
Қытайдың қара баласы –
Көрінбей, сірә, қалмай ма,
Қазақтың байтақ даласы.
Кім сонда елді қорғайды,
Тақ болса жұрттың таласы.
Тозғаны қалай бұл елдің,
Жыртылып алтын жағасы.
Ұлтқа тұтқа болатын
Ұл тумаған ба, ағайын,
Алаштың арлы анасы.
Аспанында ақша бұлты аунаған,
Жерімізді жат жұрт қанша даулаған.
Күлтегіннің тұсында
Жолбарыс жүрек ел едік
Жарты әлемді жаулаған.
Ей, ағайын, тұра берме безеріп,
Екі көзің алақтап,
Екі ернің кезеріп.
Елдің рухы келді қанша жаншылып,
Құзырлының жолына
Кілем болып төселіп.
Егеулі найза ер қайда
Бұрынғы бура заманда
Наполеонды қуысып,
Парижге кірген атойлап,
Сары садағын кезеніп.
Сондай көкжал заманда
Жүрген өжет пішінде,
Жұртың неге емес бура күшінде.
Екіталай күн туса,
Бас тігетін қатерге
Ер бар ма елдің ішінде.
Тумай жатып жоғалтқан
асқақ рухтың арайын
Кімге кінә тағайын.
Ұлтқа тұтқа болатын
Ұл тумаған елге айналдық, ағайын!
2
Кесапаттың ұзын неге құрығы,
Елдің неге шайқалады тұнығы.
Ей, ағайын, арақтан
Еркек бар ма уланбаған ұрығы.
Көк майсаға тігіп әппақ шатырын,
Қалай тусын елдің көзсіз батырын.
Алтын құрсақ ананың
Улы ұрықтар тоздырса улап жатырын.
Қаратаудың бойға жиған қуатын,
Ер бар ма сертте тұратын.
Қайдан болсын бұл елде
Сардарлықтың сарқып біткен суатын.
Ару қыздар жүрген жоқ па бай таппай
Арыстан ұлдар туатын.
Бұны ойлаған жан бар ма,
Бұны ойлаған хан бар ма.
Қапыда соқса қалың жау –
Ей, ағайын, таң қалма.
Тоқсан қабат қорғаны,
Дұшпанның бар ма оңғаны.
Орысқа сеніп бола ма,
Қаптатып қабан өсірген
Қарағайлы орманы.
Қолынан келсе тағы да,
Жүрген жоқ па қазақты
Шалғындай шауып орғалы.
Ұмытсаң да думан, сауықты,
Шешпе үстіңнен ақ кіреуке сауытты.
Жау қатерлі десек те,
Ал, рухсыздық
Бәрінен де қауіпті.
Дүниенің тілінгелі сауыры,
Қай кісінің бүтін дейсің бауыры.
Кеткен жоқ па алыстап,
Ақиқаттың ауылы.
Орман қанша жапырағы жұлынған
Уақыттың борағанда дауылы.
Абақтыға жабылса елдің арысы,
Таршылықтың жайқала ма тарысы.
Бізді қайда бара жатыр ағызып,
Түрлі-түрлі ағымдардың ағысы.
3
Байлығы жоқ жерінде,
Елдің бәрі неге ақылды тегінде.
Жерім қанша қазыналы болса да,
Бірақ неге ақымақ көп елімде?!
Ей, ағайын, жимаса егер текті есін,
Көк аттыға есең неге кетпесін.
Ақымақтар билік құрған заманда,
Ел неге зардап шекпесін.
4
Азаттықтың жолында:
Судай аққаны қанымның,
Таланғаны малымның,
Шырқырағаны жанымның,
Ей, ағайын, түк емес.
Бірақ, бірақ
Тәуелсіздікке қолым жаңа жеткенде,
Төгілгені қалай арымның?!
Азаттықтың жолында:
Төгілгені терімнің,
Оққа ұшқаны ерімнің;
Қарау күштер қасақана жасаған
Мешін жылғы аштықта
Қырылғаны елімнің,
Ей, ағайын, түк емес.
Бірақ, бірақ
Тәуелсіздікке қолым жаңа жеткенде,
Сатылағаны қалай жерімнің?!
Тәуелсіздікке қолым жаңа жеткенде,
Қорғансызбын неге, ағайын, текті елде?!
Ара түскен жан бар ма,
Қорғаған мені заң бар ма,
Көлденең келген көк атты
Менің алтын басымды
Домалатып тепкенде.
Ей, ағайын, тұрсың неге тіл қатпай?
Тозғаның ба тулақтай.
Өзенімнен өткен бар ма,
Толқынымды тулатпай.
Бұның бәрі жоқтығынан ба құнымның,
Кебін киіп жүргесін –
тозған киіз-құрымның.
Аранына жұтылғалы тұрмын ба,
Түбі терең жылымның.
Аузым аққа жеткенде,
Қанағаны қалай мұрнымның.
Зорланғаны қалай қызымның,
Қорланғаны қалай ұлымның?!
Ұры атанса ел билеген ұлығым,
Неге, ендеше, шайқалмасын тұнығым.
Алпамыстар кеткен соң,
Кейқуаттар ел билеп,
Құрсағында жетілмей
Шырқырады құлыным.
Қиылғаны бұл қалай
Өспей жатып тұлымым.
Бұл қоғамның осылай
Құрылған ба жүйесі,
Ұрмасына кім кепіл,
Ата жұрттың киесі.
Қазақ неге күйін кешті өгейдің,
Бола тұрып өз жерінің иесі.
Екі күннің бірінде,
Елге естілмей тұншығады үнім де.
Кейде өзімді сезінем –
Шырқыраған шындықтай
Шыңыраудың түбінде.
5
Мылтықсыз майдан ішінде,
Жүрген соң өжет пішінде.
Қадалады жүрегіме сұр жебе,
Күрмеледі сондай шақта тіл неге?
Кісі өлтірген кірмелерді заң қорғап,
Ал, қазақты жабады неге түрмеге?!
Ей, ағайын, бұл қалай?!
Көзім жастан келеді әлі құрғамай.
Рухың сенің тірілмейді ешқашан,
Тамырыңда асау қаның туламай.
Ей, ағайын, шаршама,
Қолым менің жетпеді деп пәтерге.
Сатылған сәби қаншама,
Жүрегі суық жат елге.
Сол сәбилер өскенде,
Айналмасын қатерге.
Дүниенің сезілгенде тарлығы,
Кімге дәрі хан-тәңірдің жарлығы.
Өзімізді шапқан жоқ па, ағайын,
Жетілгенде жиендердің барлығы.
Ұлтқа тұтқа болатын,
Арыстан ұлдар туғанда, –
Қара шыбын ызыңдап,
Ұшпас еді бұл маңда.
Қауіп-қатер жоқ деме,
Алаяқ сұмдар бірігіп,
Жер жүзін билеп тұрғанда.
Адамзаттың баласы
Күннен-күнге азғындап,
Қансоқта боп жатқан жоқ па даласы.
Қарау жандар билік құрып тұрғанда,
Дүниенің жазыла ма жарасы.
Тыңда, ендеше, ағайын!
Шындықты айтсам егерде,
Сендерге қалай жағайын.
Сатқын аз ба бұл елде:
Шаңқай түсте адасып,
Ар жолынан жаңылған;
Дүниенің ұлтанына қағылған
суырсам деп шегесін
құтырынып, қағынған.
Жаңа, жаңа жиған кезде ел есін,
Қанға суарып жебесін, –
Күйреткелі жүрген жоқ па жанығып,
Тәуелсіздіктің кемесін.
Ей, ағайын, ит сарыса молаңа,
Басыңа бақ қона ма.
Сырттан төнген дұшпаннан
іштен шыққан жау жаман
сақтанбасаң бола ма?!
Ақ семсердей қайралмай,
Өмір, сірә, кештің бе.
Көкірегіңе қайғы алмай.
Алпауыттарды ықтырам деп ойлама,
Арыстан елге айналмай.