21.04.2022
  114


Автор: Рафаэль Ниязбек

АДАМ АЗ БА...

Көтерілсек те жаңа белеске,
Тарихтың ызғарлы желі есте.
Шындықты айтпаудың өзі де,
Сұмдық қылмыс емес пе.
Ғасырлардың аз ба ойран, сұмдығы,
Жер астына көмілді
Қанша жұрттың шындығы.
Тәуелсіздікті көздеп,
Қай жауыздың оқтаулы тұр мылтығы.
Дүниенің көзінен тұрғанда ыстық жас тамып,
Арыс қанша шындықты өлген жастанып.
Жалдамалы құлға айналған ер қанша,
Құлдық дәуір қайта басталып.
Сұмдықтарды жүр дейсің бе көз көрмей,
Қазақ қашан өркендейді өзге елдей.
Өзгеріп әлем жатқанда,
Жүрміз неге өзгермей...
Қансоқта болған далам-ай,
Қор болдық-ау,
Сілкілесуге жарамай.
Айбынды елге айналмаймыз ешқашан,
Шырылдаған шындықтың
Көзіне тіктеп қарамай.
Бірақ, бірақ...
Қорықпайтын мылтықтан,
Құзырлардың барлығы да пір тұтқан,
 Қауіпті егер болмаса,
Неге,
неге қорқады, айтшы, шындықтан?!
Ендеше, сен де
шындыққа үйір болмағын,
Қай кезде де құзырлыны қолдағын.
Өтіріктің кемесі
өрге жүзіп тұрғанда,
Жел қимасын желкенін
жан-тәніңмен қорғағын.
Шындықты айтқан батырып,
Жүрген жоқ па шатылып.
Жайраған жайсаң қаншама,
Тасадан мылтық атылып.
Көгеріп алды көзінің,
Берекесі қашып сөзінің,
Адам аз ба –
Түбіне жетем деп жүріп шындықтың,
Түбіне жеткен өзінің.





Пікір жазу