21.04.2022
  144


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖАЗУШЫ ӘКІМ ТАРАЗИ КӨКЕМНІҢ АЛПАМЫС ҰЛЫНА


Кейқуаттар билік құрғалы,
Бұлақтың бар ма тұнғаны.
Азамат ерлер тұлғалы –
Қарау күштердің құрбаны.
Құзыры артып жаманның,
Боздағаны қалай даламның.
 Көз жасы қашан тыйылған
Алпамысы жоқ заманның.
Айбалтаң жоқта қайралған,
Орысқа басың байланған.
Кейқуаттар билеп тұрғанда,
Қай ел де құлға айналған.
Тектіні тексіз тепкенде,
Күйінбейсің қалай текті елде.
Жұрт неге азап шегеді,
Азаттыққа қолы жеткенде.
Жүрегі мұздап, тоңғасын,
Дүниенің сезіп оңбасын, –
Сені анаң туған албырап,
Бір Алпамыс керек болғасын.
Өтінде жүрген азаптың,
Арыстан кеуде қазақтың:
Қай елден биік шоқтығы,
Бақыт па қарын тоқтығы.
Қабырғама батып жүретін
Алпамыс ердің жоқтығы.
Ұлтыңның рухын ұрлаған,
Мезгілде сенсің сынбаған.
Ар-намыс, бәлкім, шығарсың
Кеудесінде елдің тулаған.
Сатпайтын елдің мұратын,
Ер жоқта сертте тұратын.
Жолбарыс жүрек аналар
Алпамыс ерлер туатын, –
Егеулі найза қолға алып,
Кейқуаттарды тақтан қуатын.





Пікір жазу