КІМГЕ ДӘРІ
Толқындары соғылып жарға ағыстың,
Үнін түгел өшірген арлы арыстың.
Уақыттың көздері тұр бозарып,
Қысымына шыдамай дағдарыстың.
Таршылықтың сейілмей көк тұманы,
Тіршіліктің жоғалған көп құралы.
Елдің түгел бұл күнде күйі кеткен,
Қарттың дәрет алатын жоқ құманы.
Кім жамандық тілейді өз басына,
Жұрттың азып, кім кепіл, тозбасына.
Ауыл түгел жуынып, тазарады
Сорғалаған өзінің көз жасына.
Дағдарыстың көк құрсау қыспағында,
Жүзіп келе жатырмыз мұзды ағында.
Қала жаққа көше алмай көлік тауып,
Қалып қойған үй қанша қыстағында.
Күндер қайда жеткізген тойға Құдай,
Кісілікті қай зауал жойған бұлай.
Көшкен елдің жұртында қалып қойған,
Кемпір-шалды қайтеді тойған құмай.
Өмір қалай бүр жарсын тыныс алып,
Нарық қысып, арыны тұр тұсалып.
Шарасынан шайқалып төгілгенде,
Жатқа қарай жөнелген ырысы ағып.
Көшін түзеп, жол тартқан күнге бәрі,
Бәлкім, ел де шығармыз іргелі әлі.
Тарыққанда көрмеген игілігін,
Туған жердің байлығы кімге дәрі.