КҮНІ ТУЫП ТҰРҒАНДА ТАСБАЙЛАРДЫҢ
Сәрсенбі күні ( 22.09.2010 ) мәжіліс
депутаттары Петропавлды Қызылжар деп
атауды ұсынғанда сенатор Тасбай Симамбаев
бұған қатты қарсылық көрсеткен.
АВТОР.
Шыға алмаған құлдықтың құндағынан,
Жұрттың қашан көгінен бұлт арылған.
Петропавл қаласын Қызылжар деп,
Атаса егер таяды кім тағынан.
Азат елдің көзінде күн күлгелі,
Жүрген жандар аз емес бүлдіргелі.
Қызылжар деп атауға қарсы болып,
Сенатордың бұл қалай сілкінгені?!
Бұған қалай төзеді сезімді елі,
Неге рухтың еспейді есіл желі.
Оу, ағайын, бұл қалай
Сенатордың
Қызылжар деп атаудан безінгені?!
Болашаққа көш түзеп, от өргелі,
Көсегеміз тұрғанда көгергелі.
Қолтығына су бүркіп,
Сенатордың
Жын тобырды бұл қалай көтергені?!
Қараулықтың бұзылып сан қамалы,
Қырдан есіп тұрғанда таң самалы.
Тасбай неге таптады ел намысын
Құл болмаса егерде жалдамалы.
Шар болатқа жігерін жанып алған,
Ерлер қайда ел қорғап, жанын салған.
Бұл заманда тарихтың тамырына
Балта шапқан сұмдардың бағы жанған.
Жол тартқанда алысқа күрең кеме,
Төселмейді жолына кілем неге?
Күні туып тұрғанда Тасбайлардың,
Маңдайыңды тасқа ұрмай жүрем деме.