21.04.2022
  120


Автор: Рафаэль Ниязбек

АЛАТАУДЫ НЕГЕ ТІЛДЕДІҢ?

«Оралман» деген пақырмын,
Ордалы жылан емеспін.
Бір ақынның өлеңінен.



Дүниеге келіп жат елде,
Бір ұлсың елге оралған.
Жүрген соң қауіп-қатерде,
Намысың, сірә, тоналған.
Жігітсің бірақ жырынды,
Ақ сайтан арбап азғырған.
Оқыдым жазған жырыңды,
Алатауды тілдеп жазғырған.
Алатауға өкпе, кінә артып,
Алқынып босқа терлеме.
Көзіңнің алды мұнартып:
– Құрып кет! – дедің сен неге?!
Құтқарсам деп елді азаптан,
Ер жігіт қилы жол шегер.
Алатауды бөлме қазақтан
Санаңда сәуле болса егер.
Оралған ізгі тілекпен
Кімдердің бағы жанбаған.
Алатау ыстық жүрекпен
Жұрт бар ма қарсы алмаған.
 Дүние толып жарқылға,
Құлпырып қырда гүл өскен.
Алатауда туған нар тұлға,
Алатау болып күн кешкен.
Асыл ер қатер төнгенде,
Алатау боп атқа қонатын.
Жұлдызы ердің сөнгенде,
Алатау қорған болатын.
Алатау білсең сен егер –
Айбыны арлы анамның.
Алатау білсең сен егер –
Айбары асқақ даламның.
Алатаудың тұла бойына
Қасиеті сіңген ғаламның.
Алатауға тілі тигеннің,
Кемесі өрге жүзбеген.
Алатау үшін күйгеннің
Үмітін Құдай үзбеген.
Жусаны жұпар жерімде,
Сен емес ойран салатын.
Азамат ер көп елімде,
Жыныңды қағып алатын.
Кісіліктің үзбей желісін,
Бопсама, бәлкім, шыдарсың.
Бүлдіргелі келген ел ішін
Мүмкін сен жансыз шығарсың.
Оралған жандар ел қорғап,
Өртеніп отқа жүргенде, –
Қайдағы жоқтан шер толғап,
Не түсті саған үргенде?!
 Ұлтымды рухы жоғалған,
Қайда жүрдің қорғасаң.
Алатауды неге тілдедің
Шашқалы уын оралған
Ордалы жылан болмасаң?!





Пікір жазу