21.04.2022
  124


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЕРІН ТУ ҒЫП КӨТЕРМЕЙ...

Боз даласы бусанып, таңы арайлы атқанда,
Туған елдің арманы ақ қанатын қаққанда, –
Жер жүзінде бірінші Тоқтар еді, ағайын,
Кемеге ұшақ қондырған ұшып бара жатқанда.
Бұлттың бәрін ысырып, көк аспанды торлаған,
Ғарышкерді қашанда Құдай қорғап, қолдаған.
Оған дейін, ағайын, мына жарық әлемде,
Кемеге ұшақ қондырған ешбір ұшқыш болмаған.
Шындықты айтқан кісіні – талатқалы бүргеге,
Қамайтұғын заман жоқ көрдей суық түрмеге.
Біздің елде, ағайын, құны жоқ па ерліктің,
Сарыарқада ғарышкер жылқы бағып жүр неге?!
Оған жылқы бақтырған қай тәңірдің жарлығы,
Талай ерді жоқ қылған –құрғыр іштің тарлығы.
Қарға-құзғын аспанда қаптап ұшып жүрген соң,
Жерде жүрмей қайтеді, сұңқар құстың барлығы.
Қалтырайды жүрегім – емес, бірақ, суықтан,
Қысас қанша ішімді – аш бөрідей ұлытқан.
Бізден өзге ел бар ма – жұмыр жердің үстінде,
Бағаламай батырын – тірісінде ұмытқан.
Кімге тұтқа бұл күнде дүниенің кеңдігі,
Белі мықты ел қайда – үзілсе де белдігі.
Сатқын сардар атанған мына өтпелі кезеңде,
Көзсіз батыр ерлердің кімге дәрі ерлігі.
Төбесінен ызыңдап қара шыбын ұшпаған,
Күндер қайда жоғалған – ақ найзасын ұштаған.
 Елді, сірә, тұра ма кім көрінген басынбай,
Ерін ту ғып көтермей – мал қорада ұстаған.





Пікір жазу