21.04.2022
  136


Автор: Рафаэль Ниязбек

БАЛА

Жұрттың бәрі күн көрген жанын жалдап,
Тіршіліктің қайтеді бағын таңдап.
Енді, міне, халықтың нанын жеп жүр,
Жас күнімде жегендер нанымды алдап.
Сұлулығын көп тойлап Астананың,
Салынбаған кезі көп баспананың.
 Қазақ қалай кемеңгер ел атансын
Мінезінен арылмай жас баланың.
Жорға уақыт жүрістен жаңылғанда,
Сарсыласың бақ іздеп сағымнан да.
Даналыққа қай жұрт та бет бұрады,
Балалықтың дертінен арылғанда.
Ана жоқта албырап ер туатын,
Құбыладан құтырып жел тұратын.
Жаттың бәрі ағылып сырттан келген
Көздейді деп ойлама ел мұратын.
Нарық заман әлі де тұр қағынып,
Кімге арқа сүйесін жұрт жағынып.
Кедей болмай қайтеді қайран қазақ
Бар байлығы жатса егер сыртқа ағылып.
Ей, ағайын, жат жерге қона көрме,
Алтын сапты қамшыңды шолақ өрме.
Көк аттының бәріне жағамын деп,
Аңқылдаған ақ көңіл бола берме.
Сәулесі егер түспесе терегіңе,
Жатқа сеніп, ендеше, керегі не?
Сақтанбаса бола ма,
Сырттан жеткен
Өзендердің үңілмей тереңіне.
Жанарынан мұң кетпей бұл даланың,
Шері қайдан тарасын нұрлы ананың.
Қазақстан бала әлі,
Сұм заманда
Нанын алдап жемейді кім баланың.





Пікір жазу