21.04.2022
  117


Автор: Рафаэль Ниязбек

БІР КӨК БӨРІ

Сардаланы жүре ме қайғы аралап,
Тентіреген жұрт қанша сай жағалап.
 Ей, бауырым, ұлыса айып боп па,
Бір көк бөрі кеудемде айға қарап.
Қайғы толып қазақтың қамбасына,
Естен, сірә, болды ма танбасыма.
Өтіріктің өрігі тұр жайқалып,
Ақиқаттың құрт түсіп алмасына.
Таршылықтың торына шырматылып,
Жүрген соң ба
азуын тұр батырып.
Елдің ішін түп-түгел жайлап алған
Құмыраның ішінен жын атылып.
Жүрегімді сол қайғы тілгіледі,
Жанартауым ызалы сілкінеді.
Сыбағаңды қолыңнан тартып жейтін
Заман туып келе ме, кім біледі?!
Жұпар атып тұрмаса гүлдің бәрі,
Қалай биік шырқалсын бұлбұл әні.
Қап тауының батыры атансам да,
Сыбағамнан құр қалам,
Кім кінәлі?!
Жайғасатын кезімде төрге барып,
Босағадан сығалап жүрмін әлі.
Жөн-жобаны білемін ел білетін,
Желді күні мен емес желігетін.
Біреу мініп жүрсе егер,
Неге көнем,
Ақ боз атты жүгендеп мен мінетін.
Көңілімді тербетсе бесік етіп,
Дүниенің тозады несі кетіп.
 Мен алатын сыйлықты тартып алған
Пысық қанша жолымды кесіп өтіп.
Өткен күнге кетсе де есем талай,
Қарсы алдымнан самал боп еседі арай.
Мен шығатын биікке біреу шығып,
Түкірсе егер төбеме кешем қалай.
Сардаланы жүрген соң қайғы аралап,
Сарсылғанның бірімін сай жағалап.
Неге, ендеше, бауырым, ұлымасын,
Бір көк бөрі кеудемде айға қарап.





Пікір жазу