21.04.2022
  79


Автор: Рафаэль Ниязбек

БҰРАЛҚЫ

Ақылынан адасып сансыраған
Дүңдік аз ба ой қумай қалжыраған.
Бұралқы иттің бәрі де тойған кезде
Елге үрмей тұра ма асыраған.
Тіршіліктің қаймағын қалқып ішкен,
Адам қанша алжасып нарқы түскен.
Сені көрсем көзіме елестейді,
Кейде буаз кесіртке алқымы іскен.
Жанарыңа тұнғалы мұң қасарып,
Түрің сенің сұрланып тұр сазарып.
Кейде жанға ұқсайсың
Сүртілмеген
Көңілінің айнасы бір тазарып.
Кісі бар ма түзейтін бүкірді елде,
Жібек жүнге айналған түтілгенде.
Қуыс кеудең үрлеген желге толып,
Қай мұратқа жетесің күпінгенде.
Кәне, шыққан мүйізің, сұрқылтайым,
Суын ішкен құдыққа түкіргенде.
Кетіп жүрген заманда есем талай,
Көңілімнің көзінен көшеді арай.
Ұлы ұлтымның ұяты бола білген
Арысыма тас атсаң – кешем қалай.
Бір албасты кеудеңде сілкінеді,
Қалай сенің көзіңде күн күледі.
Туған елі сыйдырмай қуып шыққан
Қаны бұзық жансың ба кім біледі?!
 Қасиеті жоғалып шын қыранның,
Бағы жанған мезгілде сұр жыланның, –
Мүмкін уы шығарсың ұшып жеткен
Жаңаарқаға құлаған зымыранның.
Заман – аттың жалында тулағалы,
Азамат ер тумады тұлғалы әлі.
Зымырандар құлаған улы өңірден
Өмірімді келдің бе улағалы.
Қасыма еріп жүрсең де күнде менің,
Қадірімді бұл қалай білмегенің?
Тамырыңда орыстың қаны тулап,
Айбалтаңды бұл қалай сілтегенің?!
Ардан безген маскүнем дінсіз неме,
Кеуде соғып дүңкілдеп, дүрсілдеме.
Егер бірі болмасаң бұралқының
Кісі елінде қаңғырып жүрсің неге?!





Пікір жазу