21.04.2022
  121


Автор: Рафаэль Ниязбек

КЕУДЕСІНДЕ ТАУЫ ЖОҚТАР

Кісі деген кішіні басына ма,
Кім жоласын, ендеше, қасыңа, аға.
Қалай сенің ізіңе шөп шығады,
Шаш шықпаған жан болсаң басыңа, аға!
Сардаланың бұйырған кеңістігі,
Туған елдің аз емес келісті ұлы.
Неге, ендеше, басыңа шаш шықпады,
Жан-дүниеңнің жоқ болса кемістігі.
Сұлулықтың бәрінен өлең өріп,
Қисық, қыңыр сөздерден келем жеріп.
 Кемдігінен жаныңның болар, бәлкім,
Жұртты өзіңнен жүргенің төмен көріп.
Тәңір мені өнерде жебегелі,
Жырлағаным – қазақтың кемел елі.
Өмір – мұхит болса егер,
Адамдардың
Жаны бірге деуші еді кемедегі.
– Мұқағали ақынды Хантәңірге
Теңедің, – деп жазғырдың неге мені?!
Бірақ қайтем сені, аға, жауға балап,
Қалған кезің емес пе жар жағалап.
Хантәңірге теңесем айып боп па,
Ұлы ақынды жетілген тауға қарап.
Жыр жолында бақытын құрбан қылып,
Көк бөрі ақын болатын туған ұлып.
Сені қалай пір тұтам,
Қызғаныштың
Қызыл иті кеудеңнен тұрған да үріп...
Ей, ағайын!
Көңілдің қайда асқары,
Кей ағаның неге тар айлы аспаны?
Хантәңірге Мұқаңды теңедің деп,
Жазғырғаны кінә артып қай сасқаны?!
Түртсін, мейлі, түртпесін сайтан ішін,
Бірақ жұртқа соқтықпай байқап жүрсін.
Кеудесінде тауы жоқ жан болса егер,
Хантәңірдің қадірін қайдан білсін.





Пікір жазу