21.04.2022
  255


Автор: Рафаэль Ниязбек

КЕУДЕСІН СОҒЫП ЖҮРГЕНДЕ

Жусаны жұпар жерімнің,
Қай тауын мұнар шалмаған.
Ел қорғаған есіл ерімнің
Бастары қайда қалмаған.
Тірлігін жаңа құраған
Қазаққа жала жабылған.
Ақырып теңдік сұраған
Ер басы допша қағылған.
Шылбырдай шымыр есіліп,
Сарсылма босқа құн даулап.
Кейкінің басы кесіліп,
Күңіренген қызыл құмға аунап.
Ер қанша елден қуылған,
Қасынан жауы табылып.
Махамбеттің көзі жұмылған
Қапыда басы шабылып.
Астында ұшқан жебенің
Күн кешті қазақ таланып.
Кесілген басы Кененің
Ресейде жатыр қамалып.
Азамат аз ба даламда
Әділдік іздеп сабылған.
Зұлымдық артқан заманда
Бәрінің басы шабылған.
 Арманы тасқа шағылып,
Тауаны қайтқан ерімнің.
Ақылды басы шабылып,
Кеудесі қалған елімнің.
Қорғайды деме сұр жалған
Қарақшы қоғам бүргенде.
Бәрінен қазақ құр қалған
Кеудесін соғып жүргенде.





Пікір жазу