21.04.2022
  261


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТҮС НЕМЕСЕ ДІНМҰХАМЕД ҚОНАЕВТЫҢ РУХЫ


Кенжебек ОМАРБАЕВҚА
Ат үстінен лақтырса жұлып алып,
Кімнің тұрсын көзінде нұры жанып.
Өзен аз ба тірлікте ағысы өлген
Келе жатқан кезінде тұнып ағып.
Бір қысастық қадалып жебедейін,
Қапыда ұшып түстің-ау, мен не дейін.
Күндіз-түні үйіңде жаттың сұлап,
Жағаға шығып қалған кемедейін.
 Заман әлі бұрқанып, тұр құтырып,
Көрген емес бірақ та ұры ұтылып.
Көне бұйым секілді елестедің,
Жаға жайда қап қойған ұмытылып.
Келешектен күдерін үзген пенде,
Жалғыз қалмай тұра ма түз-белеңде.
Димаш сенің түсіңе кірген еді,
Дүниеден адалдық іздегенде.
Тұнжыраған жүзіңе қарай қалып,
Димаш дәрі ұсынған арайланып.
Дәріні ішкен мезетте
Тұла бойың
Қайта түлеп жаңғырған қан айналып.
Жөнге салып тентегін, телпегін де,
Сабырлы өмір кешеді ер тегінде.
Сені аймалап тұрғызды төсегіңнен,
Күміс күннің сәулесі ертеңінде.
Тысқа атып шыққанда жалын шашып,
Көз алдыңнан жоғалған сағым қашып.
Димаш берген ақ дәрі ақ бата еді,
Ақ боз атқа мінгізген бағыңды ашып.
Егер шыдай білмесең күйігіне,
Бес қарағай өмірдің түйіні не?
Жалғыз сен бе көшеде қалып қойып,
Іле қайта қосылған үйіріне.
Биігінен құлаған арыстарды
Димаш рухы жүк артып иініне,
Өн бойына бұрқанған қуат беріп,
Жебеп қайта көтерген биігіне.





Пікір жазу