ТАРАЗ ҚАЛА ЕРЛІККЕ БАУЛЫМАСА...
Тараз қала Отаны елдігімнің,
Тараз қала Отаны ерлігімнің.
Ұлы Дала төсіне орнаған-ды,
Көз жасына шыланып шерлі күннің.
Оқтай түзу тартылған көше жолы
Өзі емес пе созылған белдігімнің.
Шуағына шомылған самаланың,
Тараз қала – шарқ ұрған шағала әнім.
Тулап аққан Таластың толқындары
Толқынына ұласқан замананың.
Тараз қала маңдайын күнге беріп,
Келеді әлі қызығын бірге көріп.
Қарт Қаратау қайғыдан қайыспаған
Ғасырлардың салмағын тұр көтеріп.
Жау шапқанда қаланы қаусатқалы,
Қорғанына айналған тау шатқалы.
Қай жаудың да қарысқан алқымында,
Кең даланың сексеуіл – саусақтары.
Заманында көк бөрі Қараханның
Ерлік қанға құйылып тараған мың.
Тонаса да ғасырлар аш көзденіп,
Табанына түспеген талағанның.
Онда адамдар жем болмай бөктергіге,
Айналған-ды көкжалға, көк бөріге.
Елін қорғай білетін, жерін қорғай...
Қайқы қылыш сілдетпей көктеміне.
Кейде өзім де кетемін бүркіт аруақтанып,
Ерлік көзбен үңілсем өткеніме.
Нұр төгіліп тұрса да түр-өңінен,
Қай жаудың да етегін түре білген
Тараз қала мекені батырлықтың,
Ерліктердің сомдалған жүрегінен.
Биігінен көрінген неше белдің,
Бірі, сірә, шығармын көшелі ердің.
Тараз қала ерлікке баулымаса,
Атанам ба батыры шешен елдің.