21.04.2022
  148


Автор: Рафаэль Ниязбек

БАБА ӘЖЕ МЕН АЙША ҚЫЗ НЕМЕСЕ БАЛАСЫН САТҚАНДАР ХАҚЫНДА


І
Қатер бұлты тұрса да төніп көктен,
Аналарды ұрпағы көрікті еткен.
Жылан шаққан Айшаны құтқарам деп,
Уын сорып, Баба әже өліп кеткен.
Құйын борап, мезгілде жел есірген,
Кім құтылған ажалдың жебесінен.
Өлетінін Баба әже білді, әрине,
Айша қыздың у сорған денесінен.
Ара түсе алмаған ұрпағына,
Уақыттың айналған ұнтағына.
Жұмыр басын қатерге байлайтындай,
Баба әженің Айша қыз туғаны ма?
Ізгі ана боп жаралса қайран әже,
Неге көнсін тағдырдың бұлтағына.
Құтқарам деп аруды,
өзі айналып
Кете барған ажалдың құрбанына.
ІІ
Есеңгіреп Нарықтың жебесінен,
Адасты ма бұл шақта ел есінен.
 Неге сәби жат жұртқа сатылады,
Ажыраған құлындай енесінен?
Сақтау үшін өзінің қара басын,
Үйден тірі шығарып «жаназасын»,
Ана қанша сәбиін жатқа сатқан
Жарып шыққан жұмыртқа – қаназасын.
Көз жаздым деп үміттің елесінен,
Ана болса танады неге есінен?
Тумаса да Баба әже ана екен ғой
Айша қыздың у сорған денесінен.
Шырқырамай жат жерде жүрсін қалай,
Ажыраған құлындар енесінен?!
ІІІ
Көк қағазға тағдырың байланғасын,
Даң-дұң ойдан арылсын қайдан басың.
Елдігіңнен не пайда,
Бала сату
Күнкөрістің қамына айналғасын?
Жылан безге айналып сезімдері,
Ұрпағынан бұл қалай безінгені?
Туды ма әлде қатыбас кәпір заман
Қарамайтын жетімге, жесірге елі?!
Шыдаса да бәріне сауыт-денем,
Бұл сұмдықты мен қалай сауық көрем?
Келсе өмірге бір сәби...
ертең ол да
Кете ме деп сатылып қауіптенем.





Пікір жазу