21.04.2022
  77


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҒАСЫРЛАРДЫҢ КӨЗІНЕ ҮҢІЛГЕНДЕ


Ғасырлардың тығулы көмбесінде,
Құпия көп Тараздың өлкесінде.
Ей, жолаушы, тарихы жатыр әлі
Жер астының құм көмген көрпесінде.
Өмір, Өлім найза ұстап егескенде,
Кім қалмаған шаңға аунап белес-белде.
Ақ сарайдың сарқытын сен табасың
Данагөйлер жайғасқан кеңескенде.
Көкке биік көтерген ғұламаны,
Сен табасың қираған мұнараны.
(Мұнарасы құласа батыр елдің,
емес шығар туының құлағаны.)
Жаулар жұртын бір жерге жинап атқан,
Сен табасың қаланы қирап жатқан.
Сұлулардың сырғасын сен табасың
Жауыз қолдар тұтқындап сыйға тартқан.
Ел басына төнгенде қатерлі күн,
Қайқы қылыш қазақтың Ата Ерлігін
Шежіреден табасың –
Жырға айналған
Уақыттың бетке айтып қателігін.
Қалың жауға қаласын талқандатып,
Қаншама жұрт қырылды қанға батып.
Ғасырлардың көміліп шаңы астында,
Тарих қанша ыңырсып қалған жатып.
 Сағымдардың пердесі түрілгенде,
Ойлы көзбен өткенге бұрылды ел де.
Көне Тараз тарихын сен ұғасың,
Ғасырлардың көзіне үңілгенде.





Пікір жазу