СЫПАТАЙ ДЕП ЖАЗАМЫН ЖЫР БАСЫНА
Қызыл тілдің ілінген тиегіне,
Сөздің бәрі бұл күнде жүйелі ме?
Анау деп те, Сыпатай, мынау деп те,
Дақ салмағын Сыпатай – сүйегіме.
Білгің келсе айтайын кім екенін,
Тіл тигізбе бірақ та киеліме.
Батыр болған Сыпатай, би де болған,
Жалпақ жұртқа ақ шаңқан үй де болған.
Байтақ дала – домбыра болса егерде,
Көбік шашып тулаған күй де болған.
Жау төнгенде құз жарған жебе болған,
Дау төнгенде мұз жарған кеме болған.
Екіталай күн туса, жүректерден
Тұрғызбасын еліне неге қорған?!
Ел қамын жеп егеулі жыр толғаған,
Заманында Сыпатай кім болмаған?
Ол төзбеген қиянат, зұлмат бар ма,
Халқын ойлап жанарын мұң торлаған.
Қатар жатқан қырғызды шаппағаны,
Емес шығар батырдың батпағаны.
Анасынан Сыпатай туған еді,
Көрші елді де қатерден сақтағалы.
Таудың қашап, тақтайдай боз тасына,
Сыпатай деп жазамын сөз басына.
Кім болғаны батырдың
Қатар жатқан
Қырғыз елдің қалса егер көз жасына?
Оу, ағайын, туса егер ажарлы ана,
Аруағын батырдың мазалама.
Тазартқанда қырғыздан Алатауды
Дүние-Әлем күнәдан тазара ма?!
Қилы заман туғанда борандаған,
Қара Қайғы ат мініп қопаңдаған.
Мойнын бұрап, Сыпатай үзген жоқ па,
Қоқанның да желкесін қоқаңдаған.
Нар тұлғалы, өр мінез ер тұлғалы,
Сыпатайдай сом болса елдің бәрі.
Туған елдің туына иттер үріп,
Тынық күнде бұл қалай жел тұрғаны?!
Сыпатайдай сынған соң білек, белі,
Сұрқылтай ма бұл жұрттың түлеткені?
Нарық деген аждаһа өзен болса,
Табылмасын неге оның бір өткелі?
Заман бар ма, жалғанда зауал бар ма,
Нар қазақтың жеңбеген жүректі елі.
Жөн білмеген,
бір ауыз сөз білмеген,
Сұрқылтайлар өз жұртын көзге ілмеген.
Бірақ қандай кезде де,
аман болса,
Орнында бар оңалып, көш түзеген.