21.04.2022
132
Қоңыр жел
Соқшы уілдеп толастамай, қоңыр жел,
Бұлдырасын көз ұшында құба бел.
Жауар бұлтты күшің жетпес айдауға,
Сен емессің қара дауыл бейне сел.
Жерде осы отырар-ды қалың ел,
Сағымымен шайқап шәлі құба бел.
Көйлегімнің ағытайын өңірін,
Аймалашы, сағындым ғой, қоңыр жел!
Қанша белге қаз-бауыр жел жетерсің,
Жыбырлатып көлдің бетін, өтерсің;
Сыбызгыдай ызыңдасаң күзде сен,
Сағынышың тастап маған кетерсің.
Ұмытатын сар жайлауды менмін бе,
Сен жүрерсің қайда жүрсем көңілімде.
Түрлі жердің түрлі желін көрдім мен,
Қоңыр желдей жел көрмедім өмірімде!