ТАРАЗ ҚАЛА
Тараз қала!
Тауларың тағында ма?
Бағым – дала,
сенің де бағың – дала.
Қынабына сұғылған қылыштайын,
Қатер жоқ деп қалғыма, дамылдама.
Тарлан ашқан шағы бұл Таластың да,
Жапырағын жайған кез ағаштың да.
Бөрің жатыр астында бір бөріктің,
Жауың жатыр бұғынып жар астында.
Ажырағың келмесе елдігіңнен,
Көз жазбағын Қарахан – ерлігіңнен.
Бірлігі елдің және де бұзылмасын,
Жауың кесек көрмесін Сені үгілген.
Көшесінде сал жүрген, сері жүрген
Тараз қала!
Ит жоқ па еліңе үрген?
Бауыржан – Рух кигенің сауыт етіп,
Жау ығыспай тұра ма Сені білген.
Қылыш емес,
құшақтар айқасқанда,
Жарқыраған жұлдыздар айлы аспанда.
Жұмақ елге өзің де айналасың,
Достар келіп төріңе жайғасқанда.
Кісіліктің тұрғасын үні естіліп,
Кім жетпеген еті арып, түрі ескіріп.
Алатау боп бәрін де қарсы аласың,
Қаратау боп қазына үлестіріп.