ҚАЛА БОЛҒАН БҰЛ ТАРАЗ ТӨРТ ҚАҚПАЛЫ
Бұйым емес жаулардың көп шапқаны,
Таудың қорған болса егер көк қапталы.
Заманында бұл Тараз қала болған
Айдын, айбар асырған төрт қақпалы.
Жер-жаһаннан Жақсылық үйірілген,
Сауық құрған қала еді, жиі күлген.
Айдынында жүзетін емін-еркін,
Аққу құстар адаспай үйірінен.
Төрткүл дүние түп-түгел көрінетін,
Қарағанда Тараздың биігінен.
Қосқан ылғи бәйгеге сөз жаратып,
Адырнасын алысқа созған атып.
Өнері асқан өрісті саналы елге
Жаулар қанша қараған көз алартып.
Жау төнсе егер сескеніп шегіне ме?
Нар қазақтың атылған кегі – жебе.
Көкжал заман өсірген көкжал етіп,
Атқа ақырып қонбасын ері неге?
Қарахан боп кеудесін тоса білсе,
Қаһарман ел жауынан жеңіле ме?!
Ала алмаған қаланы көп дұшпаны,
Қалай деме күлінің көкке ұшқаны.
Алты бақан ала ауыз болса ағайын,
Қалың елдің ішінен өрт шыққаны.
Бірлікте ұстап өз жұртын жүдетпеген,
Қай жауды да жерге илеп, білектеген.
Алты бақан ала ауыз болса ағайын,
Кім басынып ол жұртты құл етпеген.
Бұйым емес жаулардың көп шапқаны,
Таудың қорған болса егер көк қапталы.
Заманында бұл Тараз қала болған
Айдын, айбар асырған төрт қақпалы.