20.04.2022
270
ЖІБЕК ЖОЛМЕН КЕЛЕДІ КӨШІН БАСТАП
Қабырғалы қазақтың өскен елі,
Жайсаң жұрттың бәрін де дос көреді.
Қаратаудан қаралы көш құламай,
Жібек жолмен көрікті көш келеді.
Жүгі ауғанға қиналмай көлік бөлген,
Игі жандар жұрт үшін өліп көрген.
Кісілікті ендеше неге ұмытсын,
Келбетіне елінің көрік берген.
Артта қалып жылдардың төбе, белі,
Жетеді әлі алаштың сөреге елі.
Бекежанның қолынан қаза таппай,
Қосылады Жібекке Төлегені.
Сұлуларға жарқ етіп көз тастаған,
Азамат ер көрікті көш бастаған.
Еркектері егеулі найза болған
Асқақ елдің басынан сөз аспаған.
Бүкіл әлем қазақты танығалы,
Шырқалуда биіктен Халық әні.
Қара тас та қайраққа айналған-ды,
Еңселі елдің намысын жанығалы.
Қара жаудың сұқтанған көзін жасқап,
Естілуде әлемге сөзім асқақ.
Жібек жалды арғымақ мінген Елім
Жібек жолмен келеді көшін бастап.