20.04.2022
  116


Автор: Рафаэль Ниязбек

САТҰҚ БҰҒРА ҚАРАХАН ӘУЛИЕ АТАНЫҢ НҰРЫ


Ажарлы ана туса да күбі піскен,
Жаралғансың жарқ етіп ұлы күштен.
Өніп-өскен жұрт қанша жер бетінде,
Әулие ата, көзіңнің нұры түскен.
Кәпірлерді басынып қор тұтпаған,
Мұсылманды асырып зор тұтпаған.
Хан да атандың жазықсыз дұшпан қанын
Қара жерге ағызып сорғытпаған.
Бастағанда жұртыңды майдандарға,
Антын бұзып, сертінен тайған бар ма?
Қырық кісі қасыңа ертіп барып,
Сәлем берген батырсың пайғамбарға.
Қолын алып Мұхаммед пайғамбардың,
Кішілігін сен көріп қайран қалдың.
-Бірін шалсаң құрбанға жетер, – деді, –
Халық көрсін қызығын жайған малдың...
 Кәпірлерден шошынып түңілгенде,
Ұлы күшке айналдың тұғырлы елде.
Бір құдірет бойыңа дарыған-ды,
Пайғамбардың қолын ап, жүгінгенде.
Сол құдірет әлі де өзіңде ме,
Туған елге түспейді көзің неге?
Дала – мұхит болса егер,
Қайран қазақ
Алыстарға жол тартқан өршіл кеме.
Шұғылаңа бет шайып жуған шынар,
Сардар болған қашанда сынға шыдар.
Нұрың сенің түскен соң,
Елбасы боп,
Нұрсұлтаны қазақтың туған шығар.
Жосығанда қара бұлт көкте көшіп,
Жетші еліме жүзіңнен көктем есіп.
Әулие ата!
Нұрыңды түсіре гөр,
Дүркіресін туған ел көктеп өсіп.





Пікір жазу