ЖІБЕК ЖОЛЫ
Күн туса да қандай бір сауырлаған,
Жібек жолды кең дала, тау жырлаған.
Жібектейін жатқасын шұбатылып,
Жығылғанның еш жері ауырмаған.
Бұйра жалды қырларын сағымдаған,
Ұлы Дала ешкімге бағынбаған.
Жиһаз артқан керуен
Жібек жолмен
Алтын өзен секілді ағындаған.
Байлық және ағылып тасқындаған,
Сауда қуған кімді де жатсынбаған.
Ұбап-шұбап жосыған керуені
Қарақшыға бұл жолды бастырмаған.
Тасқа қашап, мұң-сырын тауға ақтарған,
Ерлер қанша жат жерде аунап қалған?
Қара жолмен қара жау қаптағанда,
Жібек жолмен сарбаздар жауға аттанған.
Жүргізгенде әмірін Уақыт өктем,
Жауады деп ойлама жақұт көктен.
Қара жолмен жетсе егер қара Қайғы,
Жібек жолмен Бақ жеткен, Бақыт жеткен.
Тіршіліктің көздері бұлақтаған,
Жерұйықтан жұрт бар ма жырақтаған.
Ұлылықтың өзі де
Жібек жолмен
Көшіп келіп Таразда тұрақтаған.
Ел түледі, бұл шақта қыр түледі,
Мәңгі-бақи көгімнен күн күледі.
Жібек жолмен адаспай, Азаттығым
Жеткен шығар еліме, кім біледі?!