20.04.2022
  94


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖҮРСІҢ ТУҒАН ЕЛІҢНІҢ БИІГІНДЕ


Өксік атып тұрғанда сай-саласы,
Көп сыпаның жын-тобыр айналасы.
Қарға бойлы болсаң да,
Сенен артық
Қабырғалы қазақтың қай баласы.
Шымылдығы шындықтың түрілгенде,
Қисық ауыз неге көп бүгінгі елде.
Қуанады көздері шоқтай жанып,
Арғымағы арманның сүрінгенде.
Тіршіліктің көз жазып самалынан,
Өмір қанша үзілген сабағынан.
Туған елдің көз жасы сорғалайды,
Жылап аққан жылдардың жанарынан.
Құрсағында жетілген арлы ананың,
Сардар ұлы сен едің сардаланың.
Бетің қайтып көрмеді,
Тарғыл беті
Қанша қатты болса да замананың.
Өкінгенде көк бөркін жерге ұратын,
Танбай, таймай сертінде ер тұратын.
Кеудесінде күні бар азаматсың,
Сатылмаған,
сатпаған ел мұратын.
Бір бәйтерек кеудеңде көктеп өсіп.
Жалғандықтың бәрімен өтті егесіп.
 Ақорданың ішінде сен жүргенде,
Елге қарай тұратын көктем есіп.
Жұмбақ сырын жасырған тереңдейін,
Зауалына бұл күннің мен не дейін.
Ақордадан жылыстап кете бардың,
Шығып қалған жағаға кемедейін.
Аспаныңда тұрса егер бұлт байланып,
Шығар, бәлкім, майданға жұрт сайланып.
Ақорданың сыртында қалды екен деп,
Халқың сенен кеткен жоқ сырт айналып.
Жолға түскен заманда қиын мүлде,
Ердің бола бере ме күйі күнде.
Ақордадан кетсең де,
Күнің өрлеп,
Жүрсің туған еліңнің биігінде.





Пікір жазу