20.04.2022
  242


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖАРАЛЫ ЕЛДІҢ МҰҢ-ЗАРЫ

Бір ақ жұлдыз көгімнен көрінгенде,
Неге жапа шегемін көңілді елде.
Азамат ем шеге боп қағылатын
Дүниенің ұлтаны сөгілгенде.
Сұмдар қанша қуанған
Қара жерге
Тірідейін шындығым көмілгенде.
Көктемдердің көз салмай желегіне,
Өзі өсірген балта ұрған терегіне,
Бұл қазаққа, бауырым, білсең егер,
Тәуелсіздіктен өзгенің керегі не?!
Ізгі ниет бара ма түгесіліп,
Жұпар атқан күн қайда гүл өсіріп.
Арман қуған жігіттер қаңғып қалып,
Ақша қуған пысықтар жүр есіріп.
Неге, ендеше, азамат жоқ қасымда,
Бәлкім, қалған шығармын отбасында.
Қатыгез боп неліктен кетті адамдар,
Самарқанның еріткен көк тасын да.
Көріп келем бәрін де көз ашқалы,
Қанша биік болса да сөз асқары.
Бей-берекет тірліктен осы күнгі
Өмірімнің жыртылып, тозды астары.
 Жұрттың бәрі күн кешкен тайталасып,
Бұл заманда қала ма қайғы адасып.
Үш арысқа бөлініп ата қазақ
Бір-біріне жүргені майдан ашып.
Қайғы-мұңын арқалап қара жердің,
Бәрі қайда жоғалған саналы ердің.
Көше толы қоқыстан
Келбеті айқын
Көрінеді бүгінгі жаралы елдің.
Қашан бізге, білмеймін, ес кіреді,
Жүрегімді бұл қайғы кескіледі.
Менің күмбез кеудемнен
Тыңдап көрсең
Тозған елдің мұң-зары естіледі.
Төсінде өскен бақ қуып құба белдің,
Сертін берік ұстанып тұлғалы ердің,
Мүмкін кеткен шығармын, Серік мырза,
Мұң-зарына айналып туған елдің.





Пікір жазу