20.04.2022
  160


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚҰЛАГЕРДІҢ ҚҰЛЫНЫ

Құрсағында жетілген
Бір құлыны сен едің құлагердің,
Құрсағында жетілген
Бір құлыны мен едім құлагердің.
Серік мырза!
Тәуелсіз ел болғанда,
Жусандары жұлынып құба белдің,
Жүйріктері неліктен мертігеді,
Болашаққа жол тартқан туған елдің.
Дүниенің түбі – ойран, сайран – басы,
Ақиқаттың ендеше қайда алмасы?
Құлагердің желкесін қиған жоқ па,
Батыраштың сілтенген айбалтасы.
Уақыттың бораған бұршағында,
Елім, жерім...
барлығы тұр сағымда.
Сойып жеген сұм қанша бұл күндері,
Құлагердің құлынын құрсағында.
Қайда өмірдің жоғалған нұр шақтары?
Неге сонша қатерлі сұр шатқалы?
 Қалам малып ып-ыстық көз жасыма,
Сосын сізге хат жаздым мұң шаққалы.
Құлындардың тағдырын кім ойлайды,
Тулап жатқан тұншығып құрсақта әлі.
Аламанға қосылса аман туып,
Батыраштың тұқымы тұр шапқалы.
Бәлкім, содан азайып арғымағы,
Саңырауқұлақтай қаптаған ақымағы.
Неге, ендеше, қалтырап желге ұшпасын,
Қара орманның жұлынып жапырағы.
Аласапыран қым-қуыт дүрбелеңде,
Тағдырыма қайтемін күлмегенде,
Құлагердің құлыны болсам егер,
Жыр шаңытып жүйткіген қыр-белеңде.
Айбалта жоқ дегенге кім сенеді,
Батыраштың тұқымы жүрген елде.
Қараудың кім құтылған құрығынан
Талай арыс қиылған жұлынынан.
Серік мырза!
Түсінбей жүрмін әлі,
Жаралсам да асылдың ұрығынан.
Батыаштың тұқымы үстем неге,
Құлагердің хас тұлпар құлынынан?!





Пікір жазу