20.04.2022
  149


Автор: Рафаэль Ниязбек

КӨТЕРІП СЕНІ ТҰРҒАНДА...

Тоқсан ауыз сөздің
тобықтай жалғыз түйіні:
Мансаптың жаман күйігі.
Көтерем десе жоқ емес,
Даланың заңғар биігі.
Дүниеде мынау түнерген,
Мансаптан бірақ кім өлген.
Ақорданың алтын төрінен
Кім болды екен төменге
Сырғытып сені жіберген.
Жанарына терең сыр тұнған
Азамат ер ең бұлқынған.
Төменге сені ысырған
Қызғаныш шығар қылқынған.
Қоғамда қырық құрама,
Себебін бұның сұрама.
Тау басынан аққан топан су
Етекке жетіп тұна ма.
Ағысқа қарсы жүзетін
Кеменің керген желкенін
Жел жұлмай, сірә, тұра ма.
Көңілдің көлі тұнғанда,
Тас ататындар көп бұл маңда.
Қаршыға бойлы болсаң да,
Қанша өрлік жатыр тұлғаңда.
Сансырап жүрсін демеген,
Сардар ғып анаң туғанда.
Аласармайсың ешқашан
 Буырқанған бура өр рухың
Биліктен биік тұрғанда.
Тірліктің барлық саласы,
Күтіп тұр сені, қарашы.
Жұрт түгел сені жүр аңсап,
Сөгілген алтын жағасы.
Қыста да көктеп тұратын
Сен барған жердің ағашы.
Ендеше сені өсірмей
Жатады деме бусанып,
Қазақтың дарқан даласы.
Тоқсан ауыз сөздің
тобықтай жалғыз түйіні:
Кімге дәрі, ендеше,
Қызметтің қара күйігі.
Жоғалмасын кеудеңнен
Күмбірлеген күй үні.
Сенің орның қашанда,
Ақ сұңқарлардың үйірі.
Бұл биліктің биігін
Бауырым, бірақ қайтесің,
Көтеріп сені тұрғанда,
Ұлтыңның ұлы Биігі!





Пікір жазу