20.04.2022
  96


Автор: Рафаэль Ниязбек

ӨЗІҢДЕЙ АРҒА ЖҮГІНГЕН...

Көңілдің бәрі құсалы,
Ерімей тұр-ау мұзы әлі.
Тәуелсіз ел болсақ та,
Неліктен қазақ ызалы.
Көтеріле алмай көгіне
Құлайды неге ұшағы?!
Ішкені ірің болса егер,
Жегені желім болса егер.
Қабылан қазақ көш түзеп,
Болашаққа қалай жол шегер.
Ажары тозып ананың,
Ажалы жетіп дананың,
 Жат болғанын кім көрген
Сақалы шығып баланың.
Қытайлар таптап көшесін
Киесі қашқан қаланың.
Бозінген дүние боздап тұр,
Көз жасына қалып даланың.
Кіндігін Тәңір кескелі,
Жер-жаһанның
Қазақ еді есті елі.
Азаттықтың таңы атқанда,
Самалдың қайсы ескені.
Қоғамның қатқыл түйткілін
Биліктің, кәне, шешкені.
Қабырғасына неге батпасын
Өз жерінде жүрсе де
Өгейдің күйін кешкені.
Биліктің қайда иманы,
Қылмысты қайсы тыйғаны.
Жат қолға кетті неліктен
Қазақтың барлық жиғаны.
Түңілдірмеді кімдерді
Өзі отырған ағаштың
Тамырын шауып қиғаны.
Жаралған сойқан пішінде,
Сұм зауал әлі күшінде.
Сұмдықтар қанша боп жатқан
Көрмеген адам түсінде.
Босанған қыздар қаншама,
Әжетханалардың ішінде.
Тұғырлы елдің тұқымы,
Құлдырап азды неліктен?!
Бақ, қыдыр қайда ел күткен,
Қай сойқан оны жеріткен.
 Бауыры суық тасты да,
Ізгілік қайда еріткен.
Көшенің шаңын боратып,
Жын-тобыр қанша желіккен.
Дүниені сонша тарылтып,
Қусырып неге барады
Арыстан ұлдар ананың
Тар құрсағын кеңіткен.
Ақ сайтан кіріп санама,
Айтқаным менің жала ма.
Сұмдықтар неге орнайды,
Осынау сұлу далама.
Осы ма шыққан белесі,
Бұл елдің қайда егесі.
Жүргенде сайын даланы
Үрейдің кезіп елесі.
Атылмай ма қарсы қасқайып,
Ақ сауыт бұзар жебесі.
Көмусіз қалған ер қанша
Қоқыста шіріп денесі.
Көк аспан да құлайды
Зауал туып босаса
Жұлдыздан қаққан шегесі.
Ей, бауырым, ендеше,
Қайда жүзіп барады,
Тәуелсіздіктің кемесі.
Таулардан биік шоқтығы,
Қазақтың неге жоқ құны.
Ел рухы өліп жатқанда,
Бақыт па қарын тоқтығы.
Осының бәрі билікте
Өзіңдей арға жүгінген
Азамат ердің жоқтығы.





Пікір жазу