20.04.2022
  144


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТІРЛІКТЕ БӘРІ БАЯНСЫЗ

Бір көктем есіп жүзіңнен,
Кеудеңнен бір таң атады.
Сен жүрген жерде
Ізіңнен
Мейірім гүлдеп жатады.
Азамат ерсің өр кеуде,
Ұлықтай білген ұлыны.
Жетісу жұмақ өлкемде
Жүгірген жеті өзеннің
Сен едің мөлдір тұнығы.
Сатпаған елдің мұратын
Арыстардың ойлы көзісің.
Сертінен таймай тұратын
Сардардың нағыз өзісің.
 Қай елді барып басқарма,
Сол елдің бағы артатын.
Көз тігіп заңғар асқарға,
Өгізі де өрге тартатын.
Ер салдың талай асауға,
Бақытыңды тауып даладан.
Жақсылық елге жасауға,
Туғансың арлы анадан.
Жанартаумысың сөнбеген,
Жүресің өжет пішінде.
Жақсылық сенен көрмеген
Кімдер жоқ елдің ішінде.
Қазақтың бекзат ұлысың,
Уызына жарыған.
Құдайдың сүйген құлысың,
Бақ қонып, қыдыр дарыған.
Құрақ ұшасың ел десе,
Бойыңда тулап жас қаның.
Ей, бауырым, ендеше,
Арайлы сенің аспаның.
Тірлікте бәрі баянсыз,
Жақсылықтан басқаның.





Пікір жазу