СЕН БАР ЖЕРДЕ
Күн қанатын қаққанда, Ай қанатын,
Дүние түгел ақ нұрға айналатын.
Сен басқарған қай өңір, қай елдің де,
Қара орманы тербеліп жайқалатын.
Өрге тартып, сүйреген көк кемені,
Азамат боп жетілдің өрт денелі.
Сенің атың естілсе,
Көктем шығып,
Барлық өңір тұрады көктегелі.
Кісінетіп мінсе де күрең күнде,
Саған жетер ер бар ма бұл өңірде.
Елге сәулең сенің де түспес еді,
Бір ақ сәуле болмаса жүрегіңде.
Қара жерге қалтырап көл тұнғалы,
Қай жұрт ерін сүймеген өр тұлғалы.
Қайда сапар шексең де, Серік мырза,
Сені күтіп тұрады төрдің бәрі.
Дүниенің ішіне тас байланып,
Түнергенде еріттің маздай жанып.
Мейірім гүлдеп жатады сен бар жерде,
Қарлы қыстың өзі де жазға айналып.
Сен бар жерде өзендер жырлап ағып,
Ерлер асқақ тұрады тұлғаланып.
Саған арнап ақындар жыр жазады,
Алтын сапты қаламын нұрға малып.
Сен бар жерде көгімде күн күледі,
Таулар шаңнан тазарып сілкінеді.
Сен бар жерде тұрады өмір көктеп,
Көктем болып тудың ба, кім біледі?!