20.04.2022
  141


Автор: Рафаэль Ниязбек

СЕРТКЕ ҰСТАҒАН АҚ СЕМСЕР

Тұнық ойдың бойлаған тереңіне,
Жапырақ боп байланған терегіне.
Туған елге бір пайдаң тимесе егер,
Адам болып жүрудің керегі не?
Тал бойында тулаған қан тамыры,
Сардар ерсің көзінде жанған нұры.
Мұқағали ақынды ардақ тұттың,
Қара өлеңнің атанған Хантәңірі.
Кім біледі сен білмей жыр бағасын,
Арманыңның ақ тауы құламасын.
Елбасының сенімін ақтай білген
Азамат ер неге елге ұнамасын.
Жүрген жердің бәріне жаққан арай,
Жалпақ жұртқа болмасын датқа қалай.
Өзіңді ақ құс қондырып қанатына
Самғап ұшты Ақорда жаққа қарай.
Ақ сәуле есіп тұратын қанатынан,
Адам ғана ақ нұрдан жаратылған.
Құдай жолын ұстанған азаматсың
Қорғансыздың бәріне ара тұрған.
Қайда барсаң – сол жерден мұң қашатын,
Қуанышқа қуаныш ұласатын.
Туың талай биікте желбіреді,
Аламанда бәйге алып нұрқасқа атың.
 Кім-кімнің де бар шығар өз асқары,
Көріп келем бәрін де көз ашқалы.
Тіршілікте көрді ме аласарып,
Сен басқарған өңірдің боз аспаны.
Қарасайдың өр рухы жүрген елде,
Сыр білдірген ер бар ма дүрбелеңде.
Сендей өжет ақ семсер неге өтпесін
Тұғырлы елі сертке ұстап сілтегенде.





Пікір жазу