20.04.2022
  165


Автор: Рафаэль Ниязбек

СОЛ БАБАЛАР СЕКІЛДІ ТҰЛҒАЛАНЫП...


Туған елдің төрі еді жайғасқаның,
Мінін бетке айтпадың қай қасқаның.
Көшің сенің ешқашан адаспайды,
Жұлдыз жауып тұрғанда айлы аспаның.
Төсінде арман қуса да құба белдің,
Бәрі бірдей өр емес тұлғалы ердің.
Өр болмасқа хақың жоқ,
Ұлы болсаң –
Алатауы асқақтап тұрған елдің.
Көктем болып қараған піріне елдің,
Бәлкім, бірі шығарсың ірілердің.
Өлгендердің тірілер көзін жапса,
Көзін ашқан өлгендер тірілердің.
Шымылдығы шындықтың түрілгенде,
Қанша тарих тірілді дүбірлі елде.
Тұлға қанша тіріліп тұра қалған
Өткен күннің көзіне үңілгенде.
Көзді арбаған сағымдай мың бұралып,
Дүр дүние тербеліп тұр ырғалып.
Ұлы баба Бәйдібек түрегелген
Жанарында көзіңнің нұры жанып.
 Лақтырғанда құлаштап,
Сарымсақтай
Тұғырынан Ленинді жұлып алып.
Жалғандықтың бәріне майдан ашып,
Кіммен күнің өтпеді тайталасып.
Қарасайдың сомдадың өр тұлғасын
Жарты әлемге тұрсын деп айбары асып.
Қандай сынақ, сыннан да өте білген
Сардар ерсің қайда да төте жүрген.
Сен орнатып, сомдаған тұлға қанша
Тұғырынан бой түзеп көтерілген.
Қонаевтың мұң бар ма қабағында,
Неге өксік тұр кептеліп тамағында.
Алланың ақ нұрынан жаратылып,
Туған кісі болатын таң алдында.
Тұғырына өзің кеп қондырғанда,
Жер-жаһанның күн күлген жанарында.
Бейіттерді көргенде тұрған налып,
Қабағында тулайтын мұң қамалып.
Бабаларды тірілтсем дейтін едің,
Кейде ойға шомғанда қырға барып.
Соларға арнап ескерткіш соқтың қанша,
Тұла бойын, жүрегін нұрға малып.
Сол бабалар секілді ертең сен де,
Бір биікте тұрасың тұлғаланып.





Пікір жазу