20.04.2022
  214


Автор: Рафаэль Ниязбек

БОРАНДЫ ТҮНДЕ


(баллада)
1
О, Тәңірім, не нәрсе бұлдағаның,
Ой қажытқан бірі едім мұңды ағаның.
Толғақ қысып жас ана шырқырады,
Бораны ұлып тұрғанда бұл даланың.
Тағдыр талай ішіне мұз қатырған,
Шопан жігіт шыдамай тысқа атылған.
Тысқа атылмай қайтеді шыр-пыр болып,
Жан болса егер өзі де қыста туған.
Маңайына көрмеген жан жолатып,
Кәпір болған кісі аз ба Ар тонатып.
 Бір машина тоқтамай өте шықты
Доңғалағы бетіне қар боратып.
Адамдардың тереңнен тамыр тартқан,
Қандай зауал туса да қадірі артқан.
Доңғалағы жөнелген қар боратып,
Жолаушыны сұм деймін тәңірі атқан.
Неге сонша бүлінді Ар шынары,
Елдің қалай шырқалсын қаршыға әні.
Өмірге адам келмей ме,
Арсыздықтан
Дүниені тазартып аршығалы.
Тағдыр беттен өшігіп қарсы ұрғанда,
Шопан солай ой кешкен сарсылғанда.
Жерде ізгілік салтанат құрар еді,
Дүр дүние қоқыстан аршылғанда.
Түңілгенде өңірден, өмірден де,
Суып сала береді-ау көңіл демде.
Кенет шопан жүрегі кетті атқақтап,
Бір ақ сәуле алыстан көрінгенде.
Машинаны көргенде тоқтай қалған,
Мұң торлаған жанары шоқтай жанған.
Қиналғанда басына қонған келіп,
Бәлкім, бақыт құсы ма көкті айналған.
Жақсылықты ер барда мұра көрген,
Тұлпар бар ма шың-құздан құлап өлген.
Үмбетовті көргенде шын қуанды,
Машинаның ішінен шыға келген.
– Аға! – деді жас шопан мұң шаққалы, –
Асу бермей тағдырдың тұр шатқалы.
 Мендей жалғыз жігітті сабалайды,
Неге өмірдің сұп-суық бұршақтары?
Кейде жаным соны ойлап сілкінеді,
Қашан менің көзімде күн күледі.
Қайырымсыз қоғамда өмір сүріп,
Бәлкім, жүрген шығармыз кім біледі.
Жанарының ішіне тұнған арай,
Жігіт едім мал жайған қырға қарай.
Жолаушыға не дейін жаңа ғана
Кете барған бұрылып бір қарамай.
Түнгі мейман үйіме кеп түсетін,
Көңілімнің көк шайын текті ішетін.
Келіншегім толғатып жатыр үйде,
Көлік қайда ауданға жеткізетін.
– Ей, бауырым, қысылма!
Бақыт өзі жармасып шалғайыңа,
Бір ақ сәуле түсіп тұр маңдайыңа...
Серік мырза көлігін түсіп берген
Қараймын деп үйіңе, мал-жайыңа.
Серік мырза өзгертпей түр-түсін де,
Жүреді ылғи арайлы нұр пішінде.
Оның ұлы адамгершілдігі
Жас шопан қысылғанда
Қап қойғаны –
Үйін, малын күзетіп түн ішінде.
2
Дүниенің қыр-сырын ерте біліп,
Қиындықта өседі ер жетіліп.
Ертеңінде жас шопан жеткен еді,
Бақыттың құшағында тербетіліп.
 Ұлтқа тұтқа ұл туған асыл жары,
Бұлтты аспанның ол, сірә, ашылғаны.
Болашағы қашанда жарқын елдің
Көгінде еркін шырқалған ғасыр әні.
Пайғамбардың кім қарсы үмбетіне,
Кім көлеңке түсірсін күн бетіне.
Нәрестеге Серік деп ат қойған-ды,
Үмбетовтің құзырлы құрметіне.
3
Көңілінде жайқалып қыр гүлдері,
Сол Серік жігіт болған бұл күндері.
Бәлкім, озық туды ма кім біледі,
Қатарынан қашанда жүрді ілгері.
Өмір кешіп жүрген соң көңілді елде,
Жұрттан қайда барады бөлінгенде.
– Періште әкем, – деп ылғи ұмтылады,
Үмбетовтің төбесі көрінгенде.
Қатал қыстың бораған қарлы айында,
Кімге қамқор болмаған арайында.
Бұл Үмбетов жүргенде ел басқарып,
Өмір көктеп күлмесін қалай құмда.
Сәби аман туа ма,
Қорғап-жебеп,
Бір періште жүрмесе маңайында.





Пікір жазу