20.04.2022
  153


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТҮС

Ескі дерті мазалап көптен бері,
Еспегелі қай заман көктем лебі.
Қарттың неге тынысы тарылады,
Қусырылып бара ма көк пен жері.
Қайда... әлгінде бетінен өпкен арай,
Суық күзге айналды көктем қалай.
Ұлы жырау Жамбылдың Алғадайы
Өткелдерден жұп жазбай өткен талай,
Жан досы еді,
Сол досы түсіне еніп,
Бірге ұша жөнелген көкке қарай.
 Бірге ұша жөнелді...
Қай сасқаны,
Ғарыш кеме секілді жайғасқаны.
Елге төніп тұрған соң қатер көктен
Бәлкім, ұша жөнелген шайқасқалы.
Бірге жүрген күндерін сайран көрген,
Бұл Алғадай досы еді майданда өлген.
Өз қолымен арулап көмген еді,
Ит-құстарға жем қылмай қайдан да өрген.
Сол күндерге әлі де кектенеді,
Неге тексіз аман қап, текті өледі?
Алайда осы Әбікен Алғадайдың
Рухын елге арқалап жеткен еді.
Көк төсінде, міне, енді жайраң қағып,
Келеді ұшып екеуі сайран салып.
Көз салғанда төменге ұлын көрді,
Тұрған қарап таңырқап, қайран қалып.
– Бәле-жала көбейіп, құт қашқалы,
Тек адалдық...
білмейді жұрт басқаны.
Тәубә, балам, – деді қарт тебіреніп, –
Келеді елдің ашылып бұлтты аспаны...
Сол түстен соң арада жыл өткенде,
Ескі дерті асқынып жүдеткенде.
Кенет ойлы көзіне мұң байланып,
Жарық әлем ығысып, былай қалып,
Әбікен қарт ақырғы күшін жиып,
Төсегіне қисайған құлай барып.
Қарттың рухы көкке ұшып кетеді деп,
Кім ойлаған
түсі оның шынға айналып.





Пікір жазу