20.04.2022
  195


Автор: Рафаэль Ниязбек

ӘБІКЕН ҚАРТТЫҢ ӨСИЕТІ НЕМЕСЕ СӨЗ КИЕСІ АТСА ЕГЕР


Жатқа сатқан жылатып өз баласын,
Жаудан қалай қорғайды боз даласын.
Өз бағасын білетін жұрттың бәрі
Түсірмеген ешқашан сөз бағасын.
Қара шаңын суырып қағынатын,
Арсыздықтан күн қайда арылатын.
Серік, балам, әр сөздің киесі бар,
Құлағына Құдайдың шалынатын.
Сөзі жетпей Құдайдың құлағына,
Қай кісінің бақ қонған тұрағына.
Айдалада адасып шөлдеп өлген
Туған елдің тас атқан бұлағына.
Дүниенің қарамай тарлығына,
Жаратқанның кім қарсы жарлығына.
 Алла аузына ақылды сөз салады,
Тұнық ойлы адамның барлығына.
Сөздің қалып жүргендер киесіне,
Елдің қалай айналсын иесіне.
Жүйелі сөз айтам деп әсте ойлама,
Тіршіліктің көз салмай жүйесіне.
Ойлы көзбен үңілген дала, белге,
Қанша басшы болсаң да саналы елге.
Қалың жұрттың алдында бейпіл сөйлеп,
Киесіне бұл сөздің қала көрме.
Құрсағында жетілген арлы ананың,
Қанша пірі болсаң да сардаланың, –
Сөз киесі атса егер,
Жоқ боласың
Күйін кешіп жаралы шағаланың.





Пікір жазу