20.04.2022
  133


Автор: Рафаэль Ниязбек

АЛТЫН ДӘУІР

Бойлай білген тарихтың тереңіне,
Қорған бола біледі терегіне.
Тәуелсіз ел атанған бұл заманда,
Қолдан қайғы жасаудың керегі не?
 Рухы қайта тірілген өшкен жанып,
Шынар қанша жартасты өскен жарып.
Туған елде жан бар ма аштан өлген,
Болашаққа жол тартқан көштен қалып.
Жол тартқанда ақ кеме күнге қарай,
Туған елдің көзінде күлген арай.
Көзсіз батыр болса да ата қазақ
Сары орысқа құл болып жүрген қалай.
Жаңа өмірдің басталып қарбаласы,
Буырқанып бусанған сардаласы.
Ақордадан жан-жаққа сәуле тарап,
Алты алаштың жазылған жан жарасы.
Қара бұлттан арылып ел аспаны,
Күркіреген жиырма жыл бел асқалы.
Бұрын бұндай бақытты күн кешті ме,
Ата қазақ қаз тұрып, жер басқалы.
Сардаланың төсінде бақ қуатын,
Жігіт қанша ат ерттеп, тақ тұратын.
Заман туған, ағайын,
Ақ боз бие
Азамат ер мінетін ат туатын.
Жұрттың бәрі ұмытып мұң-наласын,
Тәуелсіздіктің көтерген мұнарасын.
Президент болар деп кім ойлаған
Күні кеше қой баққан қыр баласын.
Көшін алға бастаған туған елдің,
Жолы қашан болды оңай тұлғалы ердің.
Ұлы аламан бәйге де
Жүйріктігі –
Жеткен жоқ па түбіне Құлагердің.
 Өткен-кеткен тарихты есіне алып,
Кеудесінде тулаған Есіл ағып,-
Ей, ағайын, арандап аласұрма,
Алтын дәуір тұрғанда есік қағып.





Пікір жазу