20.04.2022
159
АТА ЗАҢ
Тамырына қан құйып құба белдің,
Бағы жанбай тұра ма тұлғалы ердің.
Мәртебесі қашанда биік болған
Ата заңы салтанат құрған елдің.
Жанарымда көрді ме мұң қамалып,
Бойға қуат жиғанда тұлғаланып.
Ата заңның қозғалам арнасында,
Туған елдің жүрегін нұрға малып.
Замананың нұр есіп келбетінен,
Ата заңның күшімен ер жетілген.
Ағыстардың заңына бағынбаған
Өзен қанша жоғалған жер бетінен.
Жүре бермей арқаны кеңге беріп,
Ақиқатқа жүгінсең жөнге көніп.
Жұмыр жер де, ағайын, айналады,
Тіршіліктің заңымен дөңгеленіп.
Шуағына бөленген Күн – киенің,
Жібі неге үзілсін бұл жүйенің.
Ата заңын сақтаған жұрттың бәрі
Заңдылығын сақтаған дүниенің.