АСҚАР ТАУЛАР
Ақ шағала көгінде бақ айналып,
Азаттықтың таңы атқан арайланып.
Бүкіл әлем көркіне көз суарған
Ұлы Дала жұртына қарай қалып.
Ақ самалға айналып қырдың желі,
Алатаудан еседі жырдың лебі.
Болашаққа көрікті көш түзеген
Іргелі елдің біріміз бұл күндері.
Бағы жанып, жұлдызы көрінгенде,
Батыр тумай тұра ма көңілді елде.
Қазақ талай шеге боп қағылған-ды,
Дүниенің ұлтаны сөгілгенде.
Жауын қуып тасада бұғып жатқан,
Қазақ талай жеңістің нұрын жаққан.
Кесек атқан талайдың шөлін басып,
Көңілінің өзені тұнып аққан.
Күнін текке өткізбей босқа жатып,
Қосқан талай бәйгеге сөз жаратып.
Ата қазақ ел болып жаралғалы
Көрген емес өзге елге көз алартып.
Тарлан ашқан тағдырын мына жалған,
Талқандаса қайыра құрап алған, –
Қазақ – ұят секілді
Дүниенің
Сонау арсыз бетіне тұна қалған.
Азаттықтың арайлы таңы атқалы,
Қысы, жазы жайқалған абат бағы.
Ата қазақ жаралған шығар, бәлкім,
Ағал-жағал әлемді жаңартқалы.
Ғасырлардың шөкпеген салмағынан,
Қазақ неге көз жазсын арманынан.
Қатер бар ма төнетін
Асқар таулар
Түгел қоршап тұрғанда жан-жағынан.
* * *
Тербеткенде айдынын аққу ақын,
Жігіт қанша бұл елде бақ қуатын.
Заман туған, ағайын, білсең егер,
Азамат ер мінетін ат туатын.
Алмас қылыш суырып жау қуғалы,
Атқа мінген ер қанша тау тұлғалы.
Алтын таққа Елбасы жайғасқан-ды,
Айлы аспаннан шұғыла жаудырғалы.
Ауыр жүгін көтерген замананың,
Ұлтқа тұтқа ұлдары арлы ананың.
Көкірегі дария қарттар қанша
Бір-бір тауы атанған сардаланың.
Туған елдің үмітін үкілеген,
Ақындары жыр оқып күркіреген.
Боз далада тұрған соң өмір көктеп,
Жасыл желек жамылып қыр түлеген.
Күннің нұры көңілін арайлаған,
Текті елімде бекзат көп Ар ойлаған.
Арқар кеуде қазақты кім басынсын
Тамырында намыстың қаны ойнаған.
Күрең күндер жоғалып мұңға батқан,
Сардаланың өзені жырлап аққан.
Елдің батыр болмауы мүмкін емес,
Кеудесінде жолбарыс тулап жатқан.
* * *
Туған елдің көзінде күн күлгелі,
Қарау күштер қапыда тұр бүргелі.
Сақтанбаса бола ма,
Қаскөй аз ба,
Қаруына сүйенген бұл күндері.
Дүниенің бұл күнде күйі жалған,
Жұртым тауға мұң шағып жиі барған.
Бауыржанның жүрегін сауыт етіп,
Сардар ердің бірімін киіп алған.
Тасқындардың бәрінен жүзіп өтіп,
Елім талай ұшырған құс түлетіп.
Шекараны бұзатын сойқан бар ма,
Менің сардар жүрегім тұр күзетіп.
Жаттың көбі өзара қайшыласып,
Көкірегін үлгерген қайғы басып.
Сескенетін мен емес,
Алты алаштың
Жарты әлемге тұрғанда айдыны асып.
* * *
Айдарынан айбынды жыр еседі,
Туған елім бақытты күн кешеді.
Ақ сұңқар боп көгімде қанат қаққан
Арманымның қанатын кім кеседі.
Құдай қолдап, аруақ жебегесін,
Ата жұрттың кім шақсын терезесін.
Сарыарқада Астана бой көтерген
Өрге қарай кең жайып керегесін.
Елім менің түзетіп келеді әлі,
Заңдылықтың бұзылған ережесін.
Кейде шабыт қысқанда
Тұлғаланып,
Қаламымды жыр жазам нұрға малып.
Ақордадан тұрғанда арай есіп,
Жанарымда көрді ме мұң қамалып.
Адалдықтың ақ жолын таңдағалы,
Сұңқар қанша түлеген самғағалы.
Бәйтеректің басына шығам кейде
Жер-жаһанға көз салып барлағалы.
Туған елдің көзінде күлген арай,
Көктем болып еспесін гүлге қалай.
Ат жалында жетілген ер қазақтың
Ұлы көші жол тартқан күнге қарай.
Жұрт болса егер тағдырды ерттеп мінген,
Ерлік ізі неге өшсін келбетінен.
Көші түзу жол тартқан
Қай елдің де
Түзу болса бесігі тербетілген.